Облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарған кезінде пара алды деген айыппен ұсталған Ратмир Усмановты тұтқындау мерзімі 4 айға ұзартылды.
Басқарма басшысының міндетін атқарушы Р.Усманов биылғы жылдың 21 мамырында М.Харсиев деген азаматтан 10 мың АҚШ доллары көлемінде пара алған көрінеді. Қылмыстық қудалау органдары лауазымды тұлғаға осындай айып тағып отыр. Қомақты қаражат Мамлют ауданы орталығындағы 300 орындық мектеп құрылысы бойынша атқарылған жұмыс актісіне кедергісіз және жедел қол қою үшін қажет болыпты. Пара алған лауазымды тұлғаны сол күні Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің қызметкерлері ұстаған. Бірден қамауға алынған Р.Усмановтың үстінен Қылмыстық кодекстің 311-бабы бойынша (ірі мөлшерде пара алу) іс қозғалады. Пара берген М.Харсиев те осы кодекстің 312- бабына сәйкес жазасын алмақ.
Сот қаулысына сәйкес күдіктіні тұтқындауға қатысты санкция мерзімінің аяқталуына байланысты ол тағы 4 айға ұзартылды. Бұған тағайындалған сараптама жұмыстарының аяқталмауы әрі өзге тұлғалардың қылмысқа қатыстылығын анықтау, басқа да тергеу амалдарын жүргізу қажеттігі себеп болып отыр.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.