«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАМҚОРЛЫҒЫМЫЗ – ҚАРИЯЛАРҒА

Қазақстанның көпэтносты халқы ежелден қарттарына сый-құрметпен қарайды. Өйткені, сол кісілер соғыс жылдарының барлық ауыртпалығын бастарынан өткеріп, қиындық көрді. Одан кейін халық шаруашылығын қалпына келтірді, тың жерлерді игерді. Тәуелсіз егемен еліміздің қалыптасуы мен дамуына өздерінің сүбелі үлестерін қосып, қажырлы еңбектерімен экономикамызды көтерді, жас мемлекетіміздің мәдениетін нығайтты.

Бүгін де біздің ардагерлеріміз маңызды мәселелерден шет қалмайды. Олар қазақстандық патриотизм және “Мәңгілік Ел” ұлттық идеясын жүзеге асыру үшін өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, өңірімізде қоғамдық жайлы ахуал қалыптастыруға ықпал етіп, қоғамдық-саяси өмірге белсене араласады, өздерінің жеке үлгілерін көрсетеді.  

Өңіріміздің ардагерлер ұйымдары облыстық, қалалық, аудандық әкімдіктердің, мәслихаттар депутаттарының, ұйымдар мен кәсіпорындар басшыларының, кәсіпкерлердің қарттарға жасап отырған қамқорлықтары мен қолдауларына дән риза.

Атқарушы органдардың белсенді ықпалының арқасында 13 қыркүйекте қайырымдылық сенбілігі өтті. Одан түскен қаражат жалғызбасты қарттарға және көмекке аса мұқтаж жандарға беріледі.

Біз, ардагерлер, қарттардың құрметіне арналған айлықта жоспарланған шараларға жергілікті атқарушы органдар, барлық меншік иелігіндегі ұйымдар мен кәсіпорындар басшылары, облыс жұртшылығы алдағы уақытта да атсалысады деген сенімдеміз.

Ұлы Отан соғысына қатысушылардың, тыл еңбеккерлерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын, медициналық қызмет көрсетілуін, зейнеткерлердің дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуін жақсартуға ерекше назар аударуларыңызды сұраймыз.

Құрметті ардагерлер!

Халықаралық қарттар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге мықты денсаулық, аман-саулық және ұзақ ғұмыр тілеймін! Өздеріңізді жан жылуына бөлейтін балашағаларыңыз, шынайы достарыңыз, қамқоршы туысқандарыңыз әрқашан жандарыңыздан табылсын!

Ескендір ЕЛЕУСІЗОВ,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp