Биылғы жылдың 1 сәуірінен атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың жаңа тәртібінің енгізілуіне байланысты әлеуметтік қорғау жүйесінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге деген сұраныс артып отыр. Осы көмекті рәсімдеу барысында көкейкесті мәселелерді анықтау және тұрғындар арасындағы шиеленіс жағдайларын болдырмау мақсатында облыстық мемлекеттік қызмет істері департаменті кешенді шараларды жүзеге асырады. Нормативтік-құқықтық актілер мен әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу, тұрғындарды жұмыспен қамту орталықтары мен бөлімдерінің жұмысын тексеру және департаментіміздің сенім телефоны арқылы түскен арыз-шағымдардың нәтижесінде бірнеше заң бұзушылықтар анықталып отыр.
Мәселен, Қызылжар ауданының Долматово ауылында тұратын Ольга Жуйковадан хат келіп түсті. Көпбалалы ана атаулы әлеуметтік көмекті алу бойынша тиісті мекемеге барған кезде оған мардымды жауап берілмеген. Аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандары алғашында арызданушының құжаттарын қабылдамаса, кейін түрлі анықтама қағаздарын сұратып, сергелдеңге салған. Тиісті шаралар қабылданған соң ғана Ольга Жуйковаға атаулы әлеуметтік көмек толықтай тағайындалды.
Ішкі тексерістер нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау мерзімін сақтамаудың жеті фактісі анықталып отыр. Сондай-ақ, “Жұмыс іздеп жүрген тұлғаларды тіркеу” мемлекеттік қызметі бойынша құжат толтыруда өрескел қателіктерге жол берілгені белгілі болды. Бұл жерде мемлекеттік қызметті ұсынатын жауапты мамандардың жұмысына салғырт қарайтыны аңғарылады. Олар жаңа тәртіп бойынша беріліп жатқан атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау бойынша біліктілікті арттыру курстарына қатыспағандықтан мүмкіндігі шектеулі азаматтармен және көпбалалы аналармен тілдесу дағдыларын білмейді. Тексеріс барысында мемлекеттік қызмет түрлерінің ешбір арызсыз көрсетіліп келгендігі әшкереленді.
“Instagram” желісінде жазылған кейбір ақпараттардан да тұрғындардың атаулы әлеуметтік көмекті алу кезінде түрлі кедергілерге тап болатыны анықталды. Мәселен, кейбір хат иелері артық анықтама қағаздарының талап етілетінін айтып, шағымданған. Аталмыш мемлекеттік қызмет түрін алу кезінде кездесетін қағазбастылық пен әкімшілік тосқауылдарды жою мақсатында Әділет министрлігіне хат жолдап отырмыз.
Атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алып келгендердің ісі де әшкереленді. Қанағатсыз тұрғындар табыстарын жасырып, әдейі ажырасқан, басқа да айла-шарғыларға барған. Осы орайда Қызылжар ауданындағы жұмыспен қамту орталығында жүргізілген тексеріс кезінде 1711 ереже бұзушылық тіркелді. Тексеріс кезінде атаулы әлеуметтік көмек алып отырған үш отбасының бизнеспен айналысатындығы белгілі болды. Бұл отбасылар бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жалақыларын жасыру арқылы ең төменгі зейнетақы жарналарын аударып отырған. Енді олар осы күнге дейін алып келген 550 639 теңге көлеміндегі қаржысын мемлекетке толық қайтаруы тиіс. Олай етпеген жағдайда іс сотқа беріледі.
Арман ҚАХАБАЕВ,
мемлекеттік қызмет істері жөніндегі облыстық департаменттің бас маманы.