Қант диабеті – ең көп тараған қауіпті аурулардың бірі. Бұл сырқат тұқым қуалайды, уақтылы емделмеген жағдайда адам ағзасындағы өзге ауруларды қоздыра түседі. Сусамыр деп те аталатын дерт ағзадағы барлық зат алмасу үдерістерінің бұзылуына әкеліп, қан тамырларын, жүйке жүйесін және ағза мүшелерін зақымдайды. Оны анықтау үшін ең алдымен дәрігерге көрініп, тиісті қан талдауларын жүргізген жөн.
Қант диабетінің бірінші және екінші типке бөлінетінін, сондай-ақ қан құрамында қанттың көбеюі салдарынан пайда болатынын жақсы білеміз. Олар белгілері бойынша бір-бірінен бөлек және ерекше бақылауды қажет етеді. Біріншісінде ұйқы безі инсулин өндіруді мүлде тоқтатады. Адам дәрігерге уақтылы көрінбеген жағдайда ауру инсулин секрециялары мен әрекеттерінің немесе осы екі фактордың да бұзылуы нәтижесінде асқына түседі. Көбінесе 1-інші типті қант диабеті балалар мен жастар арасында кездеседі. Ауру емделмейді, өйткені, ұйқы безінің жасушалары толығымен жойылады. Инсулин бөлінбеуі салдарынан қант денеге дұрыс сіңбейді. Осы сәтте індетті одан әрі ушықтырмау үшін сырқатқа инсулин препараттарын тұтыну жөнінде кеңес беріледі. Мұндай диагнозы бар адамдар қантты күнделікті бақылауда ұстауы керек, инъекциялардан да бас тартпағаны дұрыс. Дәрігердің айтқаны дер кезінде еленіп, барлық талаптар орындалған жағдайда бұл диагнозбен де ұзақ өмір сүруге болатынын атап өткен жөн.
Екінші типті қант диабеті қандағы инсулиннің салыстырмалы жетіспеушілігінен туындайды. Ұйқы безі өндіретін инсулин ақуызы жасушалық мембраналарда орналасқан инсулин рецепторларын толық қанағаттандырмай, нәтижесінде жасушалар глюкозаны сіңіру мүмкіндігінен айырылады. Бұл ағзадағы жасушаларды глюкозамен жабдықтаудың жеткіліксіздігіне, сондай-ақ, қанда глюкозаның шектен тыс болуына және оның әртүрлі тіндерде жиналуына әкеліп соқтырады. Әрі оның аз уақыттың ішінде бірінші типке ауысып кетуі ғажап емес. Мұнда да семіздік, гиподинамия орын алып, жасушалардың инсулинге деген сезімталдығы күрт төмендей түседі.
Екінші типті қант диабеті бұрын инсулинге тәуелді емес немесе ересек диабет деп аталатын. Ол көбінесе артық салмақ пен физикалық белсенділіктің төмендігінен пайда болады. Бұл қант диабеті көбінесе 40 жастан асқан адамдарда жиі кездеседі. Қарттар семіздікке ұшырап, созылмалы ауруларын асқындырып алады. Соның салдарынан қан құрамындағы қант көрсеткіші құбылмалы келеді.
Қартайған кезде адам ағзасы күш-қуатын күрт жоғалтатындықтан, бұл ауру түріне төтеп беру оңайға соқпайды. Ауру ұзақ және жасырын түрде асқынып, соның салдарынан адамның денсаулығы күрт нашарлай түсуі мүмкін. Жалпы қарт адамдардың қант диабетін диагностикалау өте қиын. Мәселен, қандағы глюкозаның мөлшері жоғары болғанымен, зәр көрсеткіштері ағзада қант жоқ деп көрсетуі мүмкін. Сондықтан егде жастағы адамдар жыл сайын медициналық тексерістен өтіп, дәрігерлердің айтқанын мұқият орындағаны дұрыс. Әсіресе, атеросклероз, гипертония, ЖИА, нефропатия және терінің іріңді аурулары мазалаған жағдайда мамандардың көмегіне жүгінген жөн.
Қант диабетінің алдын алу шараларының бірі – дұрыс тамақтану. Ағзаға майлардың түсуін азайту үшін төмен калориялы тамақтануға көшу керек. Сонымен қатар науқас рационды жаңа піскен көкөністермен, жемістермен, ет пен балықтың майсыз сұрыптарымен, қышқыл сүт өнімдерімен, жармалармен байытқаны дұрыс. Олар тәттілер, бәліштер, сары май, сорпалар, чипсілер, тұзды тағамдар, ысталған өнімдер, алкоголь және тәтті газдалған сусындар сияқты өнімдерден бас тартуы керек.
Елімізде қант диабетіне шалдыққан науқастар тегін емделеді. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде ауруға шалдыққан азаматтарға 48 түрлі дәрі мен медицина бұйымдары беріледі. Оның ішінде шприц, тест-жолақша, глюкометр, инсулин помпалары мен инсулиннің 22 түрі бар.
Аяулым АГЛИХАНОВА,
“Апаттар медицинасы орталығы”
мемлекеттік мекемесінің фельдшері.
Сурет: https://www.youtube.com/