
Екінші дүниежүзілік соғыстың 70 жылдығына орай облыстық Қан орталығы үш айға созылатын “Донор күні” атты акция өткізуде. Игі іске жастарды тарту мақсатында науқанның алғашқы шарасы “Жас донор күні” деп аталды. Оған облысымызға белгілі спортшылар, “Жас Отан” жастар қанаты облыстық филиалының мүшелері, студенттер қатысты.
Облыстық Қан орталығының бас дәрігері Сабыржан Тәукеловтің айтуынша, аталмыш шараға жүзден астам адам қатысқан.
Бұл күні қан тапсыруға келген жастардың арасында спортшылардан Маргарита Мұқашеваны кездестірдік. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, алуан деңгейдегі сайыстардың жеңімпазы қан тапсыруға жастардың жұдырықтай жұмыла атсалысуын игі іске бала ды.
Алғашқы рет қан тапсырғандармен қатар, облыстық Қан орталығының базасында донор ретінде тіркелгендер де болды. Мәселен, “Северный Казахстан” газеті редакциясының тілшісі Елена Мертюкова бірнеше рет қан тапсырған екен. Оның қан тобы өте сирек кездеседі. Сонысымен де құнды көрінеді.
Іс-шараға қатысқандарға естелік сыйлықтар мен “Әрбір қан доноры – қаһарман!” деген жазуы бар жеңіл жейделер табысталды.
Науқан жалғасын таппақ. Сәуір айында құқық қорғау органдарының қызметкерлері, ал, жаймашуақ мамырда мемлекеттік қызметшілер қан тапсырады деп күтілуде.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген автор.