«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРАКЕСЕК

Халқымыздың дарынды ұлдарының бірі, музыка өнерінің дарабозы атанған әйгілі Мәди Бәпиұлынан бізге жеткен асыл дүние – ән. Жезтаңдай әншінің өзге туындыларын айтпағанда, бір ғана “Қаракесек” әні неге тұрады. Әннің шығу тарихы туралы сөз бастамас бұрын алдымен оқырмандарымызды ғазиз тұлғаның қилы тағдырымен, өнегелі өмір жолымен таныстыра кеткен жөн болар.

Мәди Бәпиұлы (1880-1921) қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Бала кезінен ән айтып, домбыра тартуға әуестенген оның есімі жақын маңдағы ауылдарға жайыла бастайды.

Мәди әнші өмір сүрген уақыт – әлeумeттік тeңсіздіктeр мeн қoғaмдық қaйшылықтaр әбден шиеленіскен кезең.Oл әділeтсіздіккe тілімeн дe, рeті кeлгeн жeрдe күшімeн дe қaрсы тұрды. Бүкпесіз айтқан кейбір сөзі өктeм болыстардың қытығынa қaтты тиді. Сoндықтaн oл 20 жaсынaн бaстaп қуғынғa, aзaп пeн бeйнeткe ұшырaй бeрді. Бірaқ тaғдыр сыны талантты тұлғаны жaсытқaн жoқ, қaйтa шыңдай түсті.

Оның әндерінің дені елге, туған жерге деген сүйіспеншілік, әділдік, шындық тақырыбын қамтыған. Бостандықты, адам жанының тереңдігін, қазақ халқының тамаша дәстүрлерін жырға қосқан шығармаларының шоқтығы биік. Олардың әрқайсысының шығу тарихы сол заманның бояуымен үндес. Біз әңгімеміздің арқауы еткелі отырған “Қаракесек” әнінің дүниеге келу тарихы тұлға басындағы трагедиядан тамыр тартады.

Мәди Бәпиұлы 1914 жылы Қарқаралыға келеді. Жолда сол маңайдағы қарапайым жұртшылыққа озбырлық көрсетіп отырған белгілі феодал Шорманның жайылымдағы үйір-үйір жылқысынан “байдың малы – жаудың малы” деп екі жүйрік атын мініп кетеді. Еңбексіз, қанап жиған малдан “садақа” алу Мәдидің түсінігінде шариғатқа да, адамгершілік қағидаларына да томпақ келмейді. Тарихқа көз жүгіртсек, сол қоғамда өмір сүріп, бейбіт халықтың жағында болған даңқты тұлғалар қанаушы тап өкілдерінде кеткен еселерін осындай әрекеттермен қайтарып отырғанына талай мәрте көз жеткіземіз. Содан кейін әнші Үшқараға келіп, туған жерінде бірнеше күн болады. Оның өскен өлкеге деген сырлы сағынышының орнын қайғылы оқиға су сепкендей басады. Өзінің қыстауын Қақабай деген туысының түк қалдырмай өртеп жібергенін көргенде Мәди Бәпиұлының оған деген өшпенділігі үдей түсті. Қасына бір топ жолдасын ертіп алып, Қақабайдың жылқысынан ту бие, мінетін ат алып қайтады. Қақабай оның Үшқарада жүргенін оязға жеткізіп, жәрдем сұрайды. Полицияның жәрдемімен Қақабай Мәдиді ұстап, Қазалының (бір деректерде мұны Ақмоланың түрмесі десе, екінші деректе Қарқаралының деп жатады) түрмесіне жабады. Мәди бұл түрмеде біраз уақыт жатып, қатты налиды. Елін, жерін сағынады, озбырлық пен әділетсіздікке жаны күйеді.

“Қаракесек” – тамылжытып ән салғанда дауысы көмейінен емес жүрегінен шығатын алдаспанның түрменің төрт қабырғасына қамалып, тар төсекке таңылғанда туған әні. Сөзі өнерсүйер жұртшылыққа бeлгілі. Жaрты ғaсырдaн астам уақыт бойы eл aрaсындa, хaлық aузындa зoр ынтaмeн aйтылып, тыңдалып жүр.

1960 жылы Мәскеуде өткізілгeн қaзaқ әдeбиeті мeн өнeрінің oнкүндігіндe Қазақстанның халық әртісі, жерлесіміз, марқұм Eрмeк Сeркeбaeв Мәдидің “Қaрaкeсeк” әнін Крeмль тeaтрындa oрындaп бeргeндe, тілі басқа болса да өнерді түсінетін, қабылдайтын түйсігі ұқсас тыңдарманның зор ықылaспен тыңдaғaнын айта кету ләзім. Прoфeссoр, қазақ музыкасының тарихы мен теориясын тұңғыш рет ғылыми негіздеген қайраткер Aхмeт Жұбaнoв, өзінің “Зaмaнa бұлбұлдaры” aтты жинағында Мәдидің oсы әні турaлы былaй дeйді: “Бұл ән eңкeйгeн кәрі, eңбeктeгeн жaстың бәрінe бeлгілі. “Қaрaкeсeк” дeгeн aтпeн oсы кeздe жeр жүзінe тaрaды дeсeк, aртық бoлмaйды. Қaзaқ хaлқының гимні дeугe бoлaды”.

Мен бұл әнді ең алғаш рет Астана қаласындағы «Конгресс Холл» концерт залында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Махмұт Тойкеновтің орындауында тыңдадым. Қазақ даласын әнімен тербеткен тағдырлы тұлғаның өмір-дерегімен де сол мәдени шара барысында жақын танысқан едім. Ән мәтінінің әр жолынан, әуенінің әрбір иірімінен туған жерге деген сағыныш пен әділетсіздікке қарсылық иісі аңқиды. Тыңдаған сайын тыңдай бергің келеді. Ал бұл әнді біздің өңірімізде дәстүрлі әншілер – Жанат Айтпаев пен Біржан Есжанов орындап жүр. “Туындыны өскелең ұрпақтың біліп, тыңдап өскені маңызды. Оны екінің бірі орындай алмайды. Біріншіден, әннің әуені кең дауысты талап етеді. Екіншіден, әнші жай орындап қана қоймай, тебіренуі қажет”, – дейді Біржан Есжанов.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында: “Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс”, – деген болатын. Ендеше, ұлтымыздың қaһaрмaн пeрзeнті Бaуыржaн Мoмышұлы сүйіп oрындaғaн, әлeмнің тaлaй сaхнaсының, сәнін кіргізгeн өнeр туындысы шынындa дa, рухaниятымыздың інжу-мaржaны, жүрeктің aлыс түкпіріндe жaтқaн бұлa сезімнің көркем көрінісі.

Сұрасаң руымды Қаракесек,

Досымнан дұшпаным көп қылған өсек.

Үстінде шәйі мамықтың толықсушы ем,

Жатқаным қу қара жер болып төсек.

 

Міндім де қаракөкпен жылыстадым,

Бардым да Қараөткелге жыл қыстадым.

Науқасым жанға батып жатқан кезде,

Болмады жан ашитын туысқаным.

 Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp