«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРА ДОМБЫРАНЫҢ КИЕСІ ҚОНҒАН

Күй толған көкірегің

шежіре ме?
Сыр қозғап ғасырлардан
жөнелесің
Саусағым тиіп кетсе ішегіңе”, – деп қазақтың қара өлеңінің хас шебері Қасым Аманжолов жырлағандай, атадан балаға жеткен күй өнерінің қадірін жете бағалайтын жастар аз емес. Осындай талапты өнерпаздың бірі – Камилла Мақпоз. 

Есіл ауданының тумасы өнер жолына кездейсоқ келген жоқ. Өз жұртында да, нағашыларының арасында да өнерпаздар көп, сондықтан жастайынан ән мен күйді тыңдап өсті. Жас өрен сегізінші сыныптан бастап облыс орталығындағы өнер колледжі – музыкалық эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатта тәлім алды. Бағына қарай, жақсы ұстазға жолықты. Ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да ұстаздан тәлім алады. Камилланың өнер жолында табысқа жетуіне есімі елімізге мәлім домбырашы Тойкен Күдерованың еңбегі зор. Өнерге деген сүйіспеншілігін арттырып, еңбекқорлық, табандылық сияқты жақсы қасиеттерді бойына дарытты.
Камилла бағын сынаған ең алғашқы байқау – Көкшетау қаласында өткен халықаралық “Қазақстан таланттары” конкурсы. Жас дарын иесі сол кездегі қобалжуы мен толғанысын әлі ұмыта алар емес. Соған қарамастан, қаншама дарынды өнерпаздың арасынан оза шауып, бас жүлдеге ие болды. Бұл бәсеке оның өнердегі жолын ашты десек те болады. Өйткені, сол жолы Нұр-Сұлтан қаласында өтетін халықаралық “Eurasia-Art” байқауына шақырту алады. Ол жерде де бас жүлдені жеңіп алып, арнайы марапатқа да ие болады. Одан бөлек, Петропавл қаласында өткен республикалық “Ақжелен”, Қарағандыдағы “Жас толқын” байқауларында үздік атанып, Көкшетау қаласында өткен халықаралық “Жаңа формат” өнер додасында да бағы жанды.
Талантты өреннің былтырғы қараша айында “Күдер” ансамблінің құрамында Дубайда өткен “Jumeirah Sounds” конкурсында бас жүлдені жеңіп алғаны да кездейсоқтық емес. Дарынды жастарға шығармашылық қолдау көрсету, патриоттық, азаматтық, мәдени-эстетикалық бағытта тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылған шарада оннан астам мемлекеттің өнерпаздарымен сынға түскен өрендер еліміздің намысын абыроймен қорғап, мерейін асқақтатқаны үлкен мақтаныш. М.Әубәкіровтің “Талас”, Т.Момбековтің “Салтанат” және Е.Айшуақұлының “Ирең” күйлерін орындап, ең жоғары ұпай жинағанда, қуанышында шек болмаған өрендер жеке орындауда да өзге елдерге есе жібермеді.
“Домбыра, сенде мін бар ма?
Мінсіз болсаң тіл бар ма?
Тіл жоқ деуге бола ма?
Тілден анық үн барда!” – деп Ілияс Жансүгіров жырлағандай, қазіргі таңда даңғаза музыка, тексіз шоу, арзан эстрада, өлі фонограммадан халық шаршады. Қазақ елінің тарихы мен шежіресінен сыр шертер ғибратты термелер мен күйлерді орындап, көпшіліктің ілтипатына бөленіп жүрген Камила секілді жастарға өнер жолында тек сәттілік тілейміз!

Гүлден СИМБАЕВА,
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенті.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp