Сүйенерi-сенері қалмағандай, қос жанары мөлтiлдеп, өзiңнен көз алмай отырған адамды ар сотына жүгiне отыра ақтап алудың, шалыс басса да, жазасын жеңiлдетуге қол жеткiзудің қиындығы мен қыр-сыры қорғаушыларға ғана мәлім. Облыстық адвокаттар алқасындағы қылмыстық істерді жүргізуде тәлімі мен тәжірибесі мол адвокат Сайран Молдахметовпен әңгімелесу барысында адам тағдырын таразыға салып, заң аясында әділ шешімнің қабылдануына қол жеткізу, азаматтардың құқықтарымен қоса, адвокаттардың мәртебесін қорғау, істі қазақ тілінде жүргізу сияқты маңызды мәселелердің түйінді тұстарын тарқатқан болатынбыз.
УӘДЕ БЕРУГЕ БОЛМАЙДЫ
Бұрындары құқықтық мәдениеттің төмендігіне байланысты азаматтар адвокаттарды қалай табу керектігін білмек түгіл, сот десе, ат-тонын ала қашатын. Бүгінде өздерінің құқықтарын қорғау үшін сотқа, прокуратура органдарына жүгінетіндер қатары жыл сайын қалыңдай түсуде. Себебі, еліміздің Ата заңына сәйкес әр азамат білікті заң көмегін алу құқығына ие. Мемлекет осындай көмекті бірқатар адамдарға тегін көрсетуге міндетті. Ал мемлекет тарапынан құқық қорғау ісін адвокаттар алқасы жүзеге асырып отыр.
Сонымен, адвокаттың мiндетi – ақтау ғана емес, өзiнен жәрдем күткен адамға бар ынтасымен көмектесiп, елiмiздегi бар заңдарды бүге-шiгесiне дейiн шолып, олардың толық iске асуын бақылау арқылы әдiл жазаның тағайындалуына ықпал ету. Талай тағдыр таразыланатын шытырман шаруаның басы-қасында жүретiн облыстық адвокатурадағы адвокаттардың саны – 184. Құқық қорғау ұйымының мүшесі, тәжірибелі адвокат Сайран Молдахметов 13 жылдық адвокаттық еңбек өтілінің ішінде киын кәсіптің қыр-сырына қанық болғанын айтты.
– 2005 жылы Киров зауытының жатақханасында 4 жастағы кішкентай қызды зорлап, терезеден лақтырып жіберген З. деген азаматтың ісін қарауға қатыстым. Бірнеше баппен істі болған ол өлім жазасына кесілемін деп қорықты. Ақыр-аяғында сот оны 22 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Айуандықпен адамның қанын жүктеген небір қанішерлер айыбы анықталғанда адвокат сұрайды. Қандай ауыр қылмыс жасаса да, оларға мемлекет адвокат беруі керек. Мұндай ауыр қылмысты зерттеу, сараптама жасаған соң айыпталушыға заң аясындағы ақиқатты, ашығын айтасың. Бос уәде беріп, алдауға болмайды, – дейді Сайран Қабенұлы.
ҚАЗАҚШАҒА ҚИНАЛАДЫ ТАЛАЙЫ…
Заңды белден басқандар ұлтына қарай бөлінбейді. Десек те, айыпталушыға тергеу ісін жүргізу тілін таңдау еркі берілген. “Бұл ретте құқық қорғау саласындағы мемлекеттік тілдің қолдану аясы қай деңгейде?” деген сұраққа төмендегідей жауап алдық:
– Шынын айту керек, тергеу амалдарын және сот ісін қазақша жүргізетіндер некен-саяқ. Тәжірибеде әдетте былай кездеседі: тергеуші тергеу алдында күдіктіден: “Бауырым, істі қай тілде жүргізейік?” – деп сұрайды. Тергеушілердің біразы қазақша білмегендіктен, қазақ тілін таңдаған айыпталушыға: “Сен де орыс тілін білесің ғой. Орысша жүргізсек қайтеді?” – дейді. Тергеудің алдында тізесі дірілдеп тұрған айыпталушы көп ойланбай, келісе салады. Осы тұстан басталатын заңсыздықтың салдарынан қазақша сот ісін жүргізу 1-2 пайыздың маңайында ғана болып қала береді. Аудандық ішкі істер бөлімдерінде қазақ тілін жетік білетін тергеушілер жоқтың қасы. Бәлкім, бұйрық бойынша ғана әрекет ететін құқық қорғаушыларға “Мұның не, қазақша істер қайда?” деп айтатын білікті басшы тапшы ма, білмедім, – деген Сайран Қабенұлы адвокаттардың да мемлекеттік тілде іс жүргізуге құлшынып тұрмайтындарын жасырмады. Адвокаттар алқасындағы 200-ге жуық қорғаушының он шақтысы ғана істі мемлекеттік тілде жүргізе алады екен. Солардың өзі аса пейілденіп тұрмайды. Өйткені, сот ісін жүргізудің жеңіл еместігі өз алдына, дұрыс арыз жазып, содан кейін заң аясында сөйлей білу оңайға соқпайды. Істерді апелляциялық, кассациялық, Жоғарғы соттарда да қорғай алуың қажет.
Тергеу ісінің басынан қысым көріп, орыс тілін ұқпаған, болмаса өз ойын жеткізе алмаған ағайынға қайтпек керек? Істің бұрмаланып, айыпталушы құқығының аяқасты болмауы үшін бұл ретте құқық қорғау саласында кәсіби аудармашы қажет деген заңды сұраныс туындайды. Алайда, заң тілін жетік білетін мұндай аудармашыларды шырақпен іздесеңіз де таба алмайсыз.
АДВОКАТ БОЛУ ҚАНША ТҰРАДЫ?
Жыл сайын жүздеген жас заңгер атанғанымен, олардың адвокатура маңайына жолағысы жоқ. Басты себеп – лицензия алудан бөлек алқаға мүшелікке кіру жарнасының қалтаға салмақ салуында. Шамамен 250 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі кіру жарнасы, әрине, оқуын жаңа тамамдаған студентте қайдан болсын? Адвокатурадағы міндетті табыс және әлеуметтік салықтарды, ай сайынғы жарналарды төлеу керектігінен тәжірибелі заңгерлер де ұйымға мүше болуға құлықсыз көрінеді.
1997 жылы қабылданған адвокатура туралы заңға жаңадан енгізілген өзгерістер мен толықтыруларда адвокат болуға ниетті азаматтарға бірқатар жеңілдіктер қарастырылыпты. Мәселен, егер бұрындары адвокатура алқасына кіргісі келетін жоғары білімді заңгердің екі жыл қызмет өтілі қажет болса, бұл талап алынып тасталған. “Астанаға барып, емтихан тапсырудың да қажеті жоқ. Жарты жылдан бір жылға дейін тағылымдамадан өтсең болды” деген тәжірибелі заңгер жас әріптестеріне іс жүргізуден қорықпау керектігі туралы кеңес беретінін айтты.
ҚОРҒАУШЫЛАРДЫ ДА ҚОЛДАУ ҚАЖЕТ
Қылмыстық істерді адвокат қана жүргізсе, әкімшілік және азаматтық істерге лицензиясы түгіл, арнаулы білімі жоқ заңгерлер қорғаушы ретінде қатысып жатады. Тіпті, өздерін адвокат ретінде таныстырып, “қолы көтере алмайтын шоқпарды беліне байлағандар” да баршылық.
– Оларға ақшасын төлеп, сотқа алып барған тарап қорғаушысының қауқарсыздығын кеш байқайды. Содан кейін адвокаттар алқасына хабарласып: “Сондай адвокат қатысып еді” деп шағымданып жатқаны. Мұндай келеңсіздікке жол бермес үшін азаматтық және әкімшілік істерді лицензиясы бар адвокаттар жүргізу керек деп ойлаймын, – дейді білікті адвокат Сайран Молдахметов.
Өкінішке қарай, заң жиі бұрмаланады. Бұл да осы саланың қыр-сырына қанық кәсіби маманның пікірі. Сайран Қабенұлының айтуынша, қылмыстық және азаматтық істерді жүргізу кодекстерін әлі де жетілдіре түсу керек. Орысша жазылып, қазақшаға аударылған кейбір заңдардан түк түсінбейсің. Кейбір тәжірибелі судьялардың өздері үтірді дұрыс қоймаған жағдайда заң баптарының мағынасы өзгеріп шыға келетінін жиі айтатын көрінеді. Көрсеткіш үшін жұмыс істейтін кейбір тергеушілер күдіктіге кінәні көбірек тағып, қарақшылық фактісін тонауға ауыстыратын жағдайлар да кездеседі екен. Не болары белгісіз қылмыс үшін басшылық басынан сипамасын білген тергеу ісінің мамандары біржақтылыққа басып, заң бұзушылыққа жол беріп жататыны да сондықтан.
Айыптаушы прокуратура мен тергеу мемлекеттік органдар болғандықтан, олардың күштері адвокаттарға қарағанда басымдау болатыны белгілі. Құқық қорғау құрылымдарын тең дәрежеге жеткізу, адвокаттардың тергеу ісіндегі мәртебесін арттыру ісі сиырқұйымшақтанып кеткеніне де адвокаттардың көңілі толмайтыны анық. Басты үміт – Парламентте мақұлданып, Үкіметтің қарауына өткен Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Азаматтық кодекстердің жобаларында. Сайран Қабенұлының айтуынша, Астанадағы адвокаттар одағы, өңірлердегі адвокаттар алқасы өздерін толғандырған мәселеге қатысты ұсыныстар жасапты.
Кеңес Үкіметі құлағанда біздің мемлекет сотталғандардың саны бойынша дүние-жүзінде үшінші орында тұрған екен. Бүгінде түрмелерді зерттеудің халықаралық ұйымының мәліметіне сүйенсек, 221 мемлекеттің арасынан Қазақстан түрме индексі бойынша 31-орынға тұрақтаған. 2001 жылы ел абақтыларында 65151 адам болса, 2013 жылы бұл көрсеткіш 49884 адамға дейін кеміпті.
– Жаңа Қылмыстық кодекс жобасы бойынша біраз қылмыстық істер ізгілендірілмек. Мысалы, топтасып және бірнеше рет ұрлық жасаған адамға ауыр қылмысы үшін 2-6 жылға дейін жаза қолданылса, енді ол 5 жылға дейін кемітіліп, орташа қылмыс санатына ауыстыралатын болады, – деген адвокат бұл шаралар түрмелердегі жазасын өтеушілер санын азайтуға жағдай жасайтынын тілге тиек етті.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.