«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРБАЛАС ШАҚ

   

 “Qyzyljar – adaldyq alańy” жобалық кеңсесінде көктемгі егіс науқанын ұйымшылдықпен өткізуге арналған брифинг ұйымдастырылды. Оған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ерболат Бекшенов пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиа орталықтың жетекшісі Руслан Асаубаев қатысты.

  

Қазір алда тұрған ең маңызды мәселенің бірі – экономикамыздың локомотиві саналатын агроөнеркәсіп кешенін қалыпты дамыту. Көктемгі, күзгі дала жұмыстарын ұйымшылдықпен атқару диқандар қауымы алдына бірқатар келелі міндеттер жүктейді. Е.Бекшенов өз сөзіне егіс науқанын ойдағыдай өткізу мол өнім алуға алғышарттар жасайтынын арқау ете келіп, дайындық шараларына тоқталды. Жыл өткен сайын тиімділігі жоғары майлы дақылдар алқабының көлемі ұлғайып келеді. Биыл ол 955 мың гектарға жетіп отыр. Қамбаларға құйып алынған 422 мың тонна тұқым зертханалық сараптамадан өткізіліп, сапасы мұқият тексерілген. Үкімет тарапынан 69800 тонна дизель отыны арзан бағамен бөлінген. Жыл басынан бері 40 млрд. теңгеге 2 мың техника сатып алынған. Жауапты науқанға 13 мың трактор, 15 мың тұқым сепкіш, 1200 осызаманғы егіс кешені қатысады деп күтілуде.

Басқарма басшысы диқандарды несиелеу шаралары жалғасып жатқанын, 26,4 млрд. теңгенің 652 өтінімі ресімделгенін, “Азық-түлік келісімшарт” корпорациясы астық сатып алуға алдын ала төлем жасайтынын, 15 қарашаға дейін есеп айырысуға мүмкіндіктер берілгенін, басқа да жеңілдіктер қарастырылғанын жеткізді. Субсидиялау көлемі 48 млрд. теңгеге дейін көбейген. Мұндай жеңілдік шаралары, элиталы тұқым, минералдық тыңайтқыш, гербицид сатып алуға бағытталады.

Брифингте несие ресімдеуде кездесетін кедергілер де сөз болды. Ең қиыны банктерге кепілге қойылатын мүлікке қатысты. Бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан мүлікті кепілге қою жолдарын оңайлатудың тиімді механизмі қарастырылып жатқан көрінеді. Е.Бекшенов сөзінің қорытындысында мол өнім негізі бүгіннен қаланатынын, бұл мақсат жолында облыс диқандары көп жылғы іс-тәжірибелеріне сүйене отырып, еселі еңбек үлгісін көрсететінін жеткізді.

 


 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp