Облыста «Sincere Systems Group» атты қаржылық пирамида қызметінің жолы кесілді. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің өңірлік департаменті хабарлады.
Аталған ұйым 2022-2023 жылдар аралығында облыс аумағында заңсыз әрекет еткен. Қазіргі таңда «Sincere Systems Group» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесінің құрылуы мен басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Тергеу барысында компанияның Қазақстанда тіркелмегені, кәсіпкерлік және банк қызметімен айналысуға қажетті лицензиясы мен рұқсат құжаттары жоқ екені анықталған. Алайда ол өзін ұлыбританиялық инвестициялық қор ретінде таныстырып, азаматтарға шетелдік валюта нарығы – «Forex Market» арқылы пайда табуға уәде берген. Инвестиция көлемі 100 АҚШ долларынан басталған.
Компания арнайы сайт – backoffice.s-group.io арқылы клиенттерге жеке ID тіркеп, виртуалды шоттар ашқан. Салымшылар бұл шоттарға нақты ақша аударғанымен, шын мәнінде бұл қаражат қаржылық операцияларға емес, пирамида құрылымын кеңейтуге жұмсалған.
Біздің өңірде бұл пирамидаға қаржы салған төрт азамат анықталып отыр. Оларға келтірілген шығын көлемі – 13870000 теңге. Бүгінгі күні зардап шеккен салымшыларға келтірілген залал толық көлемде өтелген.
Департамент өкілдері «Sincere Systems Group» қаржылық пирамидасынан зардап шеккен өзге азаматтар болса, Петропавл қаласы, Н.Назарбаев көшесі, 120 мекенжайына немесе 8 (7152) 46-98-18 нөміріне хабарласуға болатынын еске салады.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».