Нұр-Сұлтан қаласында қасиетті Құран кәрім аяттарын жатқа және мәнерлеп оқудан өткен ІХ республикалық байқау мәресіне жетті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған жарыстан қызылжарлық қари олжалы оралды.
Сегіз жыл қатарынан Алматы қаласында өткізіліп келген байқау биыл алғаш рет елордадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде ұйымдастырылды. Кезекті сайыста 72 үміткер төрт аталым бойынша, атап айтқанда, 10, 20, 30 пара және Құранды мәнерлеп оқудан сынға түсті. Жарыстың ең жас қатысушысы 8 жастағы мектеп оқушысы болды. Пандемияға байланысты байқау екі күн бойы «Хикмет студиясының» «YouTube»-арнасынан, «Халық Арна» телеарнасы және Мүфтияттың «Instagram»-дағы ресми парақшасынан тікелей эфирде көрсетілді.
Рухани шараның соңында, марапаттау рәсімінен бұрын үміткерлер Құран хатым оқыса, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы пандемиядан қайтыс болған отандастарымыз бен ел амандығы үшін арнайы дұға жасады.
Жарыс нәтижесінде Құранның толық 30 парасын жатқа айту бойынша сынға түскендер арасынан жерлесіміз Абдуғаппар Тұрсынов топ жарып, бас жүлдеге ие болды. Оған Наурызбай қажы Тағанұлы «темір тұлпардың» кілтін табыстады.