Кеше өңір басшысы Ерік Сұлтанов облыстық ардагерлер активімен кездесіп, қарияларды толғандырған мәселелерді біліп, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына әзірлік барысымен танысты.
Кездесуді ашқан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов облыс әкімін өңірдегі ардагерлер ұйымдарының жұмысымен таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Былтыр қайырымдылық сенбіліктерінен түскен қаражатқа 79 мыңнан астам зейнеткер 140 миллион теңгенің көмегін алғанын айтқан Ескендір Елеусізов Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында ауқымды шараларды жүзеге асыру жұмыстарының басталып кеткенін мәлімдеді.
Содан кейін сөз алған облыс әкімі Ерік Сұлтанов ардагерлерге өңіріміздің дамуына қосқан үлестері үшін алғысын білдіріп:
– Бүгінгі кездесу мен үшін ардагерлер кеңесімен және активпен танысу ғана емес, өңірімізге қатысты мәселелер жайлы әңгімелесумен маңызды болмақ. Сіздердің жастарға тәрбие беру ісіндегі еңбектеріңіз елеулі. Толғандырған барлық мәселелерді тыңдауға дайынмын, – деді.
Облыстық ардагерлер кеңесі төралқасының мүшесі Григорий Кухарь мемориалдық кешенге айналған “Жеңіс” саябағына жерлестеріміз Кеңес Одағының Батырларына арналған саяжол салу туралы өтінішін білдірді. Өңір басшысы ардагердің өтініші қысқа уақытта қаралып, оң шешімін табатынын айтты.
Ал Мағжан Жұмабаев атындағы ауданның ардагерлер кеңесінің төрағасы Оралбай Сағындықов ұлы мейрамның 70 жылдығына орай жыл сайын қатары кеміп бара жатқан қариялардың есімдерін ескерткіш тақтаға жазу туралы ұсынысын жеткізді. Бұл күні ауданда 13 Ұлы Отан соғысының ардагері қалған.
Мінбеге кезектесе шығып, сөз алған құрметті демалыстағы қариялар өздерінің қоғамнан шет қалмағанын көрсетті. Жиында олар өздерін қала құрылысын жақсарту, бұрынғы дүрілдеп тұрған кәсіпорындарға дем беру, жұмыссыздыққа қатысты мәселелердің толғандыратынын айтты. Сонымен қатар демалыс саябағын қалпына келтіру, облыстық филармонияға жаңа ғимараттың қажеттігі, облыстық футбол федерациясының жұмысын жолға қою мәселелері де сөз болды.
Айтылған өтініштер назарға алынатынын атап көрсеткен Ерік Сұлтанов қарттарға мемлекет тарапынан жасалатын қамқорлықтың үзілмейтінін жеткізді. Оларды толғандырған мәселелер бойынша алдағы күндері “Жеңіс” және демалыс саябағын аралап көретінін де айтқан өңір басшысы ардагерлерге өзімен бірге жүруге ұсыныс жасады.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.