
Қарттар – біздің асыл қазынамыз. Ортада жүрген қарияларымыздың бір кезде елі, халқы, ұрпағы үшін жасаған игі істері болашақта да ұмытылмауы тиіс. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Қарттар күні мерекесінде бірқатар соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің үйлеріне барып құттықтап, сый-сияпатын тапсырды.
Бойжеткен шағын қан майданның ортасында өткізген Валентина Устименко сұрапыл соғысқа Харьков әскери медициналық училищесін аяқтаған соң аттанды. 19 жастағы қыз 597-ші атқыштар полкінде фельдшер болып қызмет етті. Мыңдаған сарбазға медициналық көмек көрсетіп, талай жауынгерді ажалдан арашалады.
– Жастар, бақыттысыңдар. Ешқашан соғыс көрген жоқсыңдар. Бұл тамаша емес пе?! Мысалы, соғыста шайқастардың бірінде танк жарылып, отқа оранды. Танкі ішінде қалып қойған біздің жауынгерлердің бірі шыға алмай, қақпасында қыстырылып қалды. Соны көргенде есімнен танып қалғанымды жасырмаймын. Сондай сәтте қасымдағы қыздар үнемі қолдап отыратын. Себебі, араларындағы ең жасы мен едім, – дейді соғыс ардагері Валентина Устименко.
Міне, 90 жастағы кейуананың естелігі осындай. Десек те, ол қазір бақытты. Өзін сергек ұстап, сүйемелдеусіз жүріп-тұра алады. Жылы ұясында, балаларының ортасында қазыналы қария болып ғұмыр кешуде.
Өңір басшысы құттықтаған абзал жандардың бірі – Евдокия Кузнецова. 8 жасынан еңбекке араласқан 80 жастағы кейуана Аққайың ауданындағы мектептердің бірінде бастауыш сынып мұғалімі, меңгеруші қызметтерін атқарыпты. Бір қыз тәрбиелеп өсірген тыл еңбеккері, зейнеткер ұстаз мереке күні өзіне осындай құрмет көрсетілгеніне дән риза.
Оның қатарласы Бәкен Байғожинов – соғыс жылдары белді қайыстырып, қабырғаны күйрететін жұмыстарды істеген жасөспірімдердің бірі. “Ол кездерді ұмыту мүмкін емес”, – деген ақсақалдың естелік айтқысы да келмейді. Себебі, жастардың алаңсыз өмір сүргенін қалайды. Бәкен Мұқанұлын да өңір басшысы мерекемен құттықтап, ақ тілектерін жеткізді. Тыл еңбеккері облыстағы тұрақты жағдай үшін өңір жетекшісіне алғысын білдірді.
Жалпы бүгінгі таңда Петропавл қаласында 40200 зейнеткер бар. Олардың 5676-сы тыл еңбеккері болса, 134-і – соғыс ардагері. Бұл күні олардың ешқайсысы да назарсыз қалған жоқ.
Назерке ҒАЛЫМ,
журналист.