Есіл ауданындағы бір кездері аты дүрілдеп тұрған Горное елді мекені жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр. Бұл ауылдың аумағында бұрын әккі қылмыскерлер, қаныпезерлер мен баукеспе ұрылар жазасын өтейтін колония болған еді.
Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ЕС-164/4 мекемесі деп аталған бұл колония 60 жылға жуық уақыт жұмыс істеп, 2018 жылы жабылды. Бүгінде нысанның кей ғимараттарының қабырғасы сөгіле бастаған. Жол бойында орналасқан, сотталғандардың қолымен жасалған жануарлардың мүсіндері де жел мен жаңбырға мүжіліп, сыйқынан айырылыпты.
Заградовка ауылдық округі әкімдігінің мәліметінше, 2021 жылы қараша айында бұрынғы колонияның барлық дүние-мүлкі электронды сауда арқылы сатылған. Қазіргі иесі – «Июнь 17» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл серіктестік колония жанынан құрылысқа қажет тас өндірумен айналысады. Горное елді мекенінің халқы 2018 жылдан бері үш есе қысқарған.
Жалпы бұл елді мекеннің тарихы әріден бастау алады. Өлкетанушылардың айтуынша, картаға түсірілген аты – Бүркітті. Бертінге дейін оның ұшар басына қыран құс ұя салып келген деседі. Ел аузында «Жалғызтау» делінеді. Әсірелеп айтылса да, құлаққа қонымды, жүрекке жылы тиеді. Кейде аласалығына қарап «Жаманшоқы» дей салатындар да кездеседі. Оның атауы жайлы түрлі болжамдар бар. Құймақұлақ қарттардың айтуларынша, ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда тауға ентелей енетін қылтаны сауда керуендерін тонайтын қарақшылар торуылдаған. Есіл даласымен әрлі-берлі өткен жолаушылар алыстан мұнартып шалынатын тауды сапарларына бағдар ретінде пайдаланған.
Кеңес одағының дүрілдеп, заманның озып тұрған шағында геологтар осы маңайда жан-жақты жер асты барлау жұмыстарын жүргізген. Адам ағзасына өте зиянды ауыр металдардың мол қорын тапқан. Ол жайында қанша жасырылса да, «ел құлағы – елу». Осы төңіректегі тұрғындардың обыр ауруына жиі ұшырайтынын табиғаттың осы құбылысымен байланыстыру ол кездері өң түгіл түске енбейтін.
Ауылда фельдшер болып жұмыс істеген Ақбаян Шоқыбаева таудың етегінде орналасқан, табиғаты көркем елді мекеннен көшкісі жоқ. Зейнеткерді елді мекен тұрғындарына жайлы жағдай жасалмағаны қынжылтады.
«Балаларым әр сенбі сайын ауылға келіп, аунап-қунап кететін. Қазір ат ізін анда-санда бір салады. Елді мекенде телефонмен сөйлесудің өзі мұң. Туыстарымызға қоңырау шала алмаймыз. Ауыл тастың үстінде орналасқандықтан картоп, қияр-сәбіз дұрыс өсе қоймайды. Бәрін сатып аламыз. Жұмыс болмағасын жастардың дені қалаға кетті», – дейді ауыл тұрғыны.
Горное ауылында бір дүкен және екі ауылдың тұрғындарына арналған «Достық» демалыс орталығы жұмыс істеп тұр. Екі жыл бұрын бала санының аздығынан мектепте бастауыш сыныптар ғана қалған.
«Әзірге 1-2-3-сынып оқушыларын бір кабинетке отырғызып оқытып жатырмыз. 4-сыныпта оқушы жоқ. Білім ордасында менен басқа ағылшын тілі пәнінің мұғалімі және мектепті күтіп ұстайтын техперсонал жұмыс істейді. Біз сияқты жастар ауылда қалмады. Қазір негізінен мұнда зейнеткерлер тұрады», – дейді мектеп меңгерушісінің міндетін атқарушы Амила Ташманова.
— 2018 жылы бұл ауылда 86 үй, 346 адам болса, қазір 33 үй және 100 тұрғын ғана қалған. Халық саны жылдан-жылға азайып келеді. Оқушы санының аздығынан жақын күндері ауылдағы бастауыш мектептің есігіне қара құлып салына ма деп қорқамыз. Тұрғындар жұмыстың жоқтығынан көшіп жатыр. Елді мекенде тек тас өңдеумен және қой шаруашылығымен ғана айналысуға болады. Сондықтан қандастарды да көшіріп әкелу тиімсіз, – дейді Заградовка ауылдық округінің әкімі Данияр Тұяқов.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».