«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРТТАР ҮШІН ҚЫЗЫҚ ОРДАСЫ

Облыс орталығындағы қалалық шахмат-дойбы клубы кешкілік жергілікті зейнеткерлердің бас қосып, академик жерлесіміз Ғ.Мүсірепов айтқандай, “хан қамау” ойынынан күш сынасатын, өзара әңгіме-дүкен құрып, бос уақыттарын саламатты өткізетін орынға айналғанын көпшілік жақсы біледі.

– Аталмыш клуб Михаил Дедов басқаратын “Барыс” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне қарайды. Ғимараттың кіші залында балалар мен жасөспірімдер шахмат пен дойбының қыр-сырына қанығады. 60 кісілік үлкен зал сағат 15.00-ден 20.00-ге дейін ересектерге қызмет көрсетеді. Сондықтан бір топ зейнеткер кешке қарай бос уақыттарын осында өткізеді. Шахматтың тез ойналатын түрінен (блиц) бір-бірімен сайысқа түседі. Қала әкімі Марат Тасмағанбетовтің тікелей араласуымен клуб ғимаратының шатыры жаңартылды. Соның арқасында шахматқа әуестенушілер саны көбейді, демалыс күндері бос орын болмайтын жағдайға жетті, – дейді спорт мектебінің кезекшісі, шахматтан әуесқой зейнеткерлердің қоғамдық жетекшісі Олег Капустин.

“Блиц” сайысынан жарысқа түсіп, қарсыластарын жеңіп шығуға күш салып жатқан тақтаның жанына жанкүйерлер өте көп жиналады екен. Алма-кезек ауысып, есе жіберіп алғандар да, мәртебесі үстем болып, қолдаушыларының қолпашынан марқайғандар да жетерлік.

1980-1982 жылдары Ауған соғысына қатысып, екі “Қызыл Жұлдыз” орденімен марапатталған интернационалист-жауынгер Вано Геворгян – клубқа жиі келетіндердің бірі. Бір кездері мемлекеттік мүлік және жекешелендіру мекемесінде лауазымды қызметтер атқарған зейнеткер Серік Ыбыраев та “Блицтің” қас шебері көрінеді. Есіл ауданындағы “Бұлақ” кеңшарында экономист, директордың орынбасары қызметтерін атқарған, зейнеткерлікке шыққаннан кейін бірер жыл бұрын облыс орталығына қоныс аударған Қанат Бейсенбаев та үш айдан бері шахмат клубын жағалайтын болыпты.

– Клубта мемлекеттік мерекелерге арналған облыстық және қалалық сайыстар жиі өткізіліп тұрады. Солардан қалып көрген емеспін. Бұл клуб “Черемушки” шағынауданында болған кезде де жиі баратын едім. Сол құмарлық жалғасып келеді. Өзіммен сырлас жандарды осында таптым. Бізді спорт шебері, облыстың бірнеше дүркін чемпионы Салтанат Мұқановтың, спорт шеберлігіне үміткер, қала чемпионы Олег Убыкиннің ойын өрнектері тәнті етеді, – дейді Петропавл әуежайының бұрынғы ұшқышы, еңбек ардагері Марс Газизуллин.

– Қыстың көзі қырауда қарттардың бір тобы осында бас қосамыз. Клуб жұмысы жақсы жолға қойылған. Қазақ хандығының 550 жылдығына, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына байланысты шахмат пен дойбыдан облыстық және қалалық біріншілік өтті. Соңғы қалалық чемпионатта 3-ші орын алдым. Күн сайын кешке осында жиналып, Лұқпан Хакім айтқандай, бір жасап қаламыз. Жағдайымызды жасап отырған қалалық әкімдікке, ардагерлер кеңесіне ризашылығымыз шексіз, – дейді педагогикалық қызметтің ардагері Уалиахмет Нұрахметов.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp