«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРЫЗДЫ КҮЛІП АЛАДЫ, ЖЫЛАП ҚАЙТАРАДЫ…

Азық-түлік келісімшарт корпорациясына қарызын қайтармаған шаруалар жауапқа тартылуы мүмкін. Бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан облысында мұндай борышкерлер саны – 13. Олар мемлекетке 264 миллион теңгеден астам қаражат өтеулері тиіс. Өйтпеген жағдайда бұл іске сот араласатын болады.

2014 жыл өңір диқандары үшін аса ауыр жыл болды. Соған байланысты азық-түлік келісімшарт корпорациясы бидайды сатып алу бағасын біршама көтерген болатын. Мәселен, 3-ші сұрыпты дақылдың бір тоннасының құны 42 мың теңгеге жетті. Осылайша былтыр компанияға облыс диқандары 200 мың тоннадан астам бидай өткізген екен.  

– Былтырғы жылдың қыркүйек айынан бастап біз ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен жалпы сомасы 9,5 миллиард теңгеге 265 мың тонна астық сатып алдық. Бұлар үшінші, төртінші, бесінші сұрыпты бидай және арпа. Қабылдау жұмыстары әлі де жалғасын табуда. Мұнымен қоса өңірде шаруа қожалықтарын қолдау бағытында қаржыландыру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Несиеге 37 мың тоннадан астам тұқым беруді жоспарлап отырмыз, – дейді “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” ҰК” АҚ Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілдігінің директоры Рустам Жанатаев.

Десе де, аталмыш корпорацияға былтырдан бері берешегін қайтармай жүргендер бар.

– Былтыр көктемде 1,5 миллиард теңгеге 100-ден астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушісін қайта қаржыландырған болатынбыз. Бұл қаражаттың 1 миллиард 200 мыңы мемлекетке қайтарылды. Қалғандары жақын арада есептеседі деп ойлаймын. Жағдайларына қарап, несие мерзімін ұзартамыз. Ал тіптен төлемесе, істі сотқа жібереміз. Мұндай фактілер жылда орын алып тұрады, – дейді Рустам Жанатаев.

Үстіміздегі жылдың наурызынан бастап азық-түлік келісімшарт корпорациясы биылғы жылғы егіс науқанын уақтылы әрі сапалы жүргізу үшін жеңілдетілген несие бере бастайды. Сондай-ақ, аталмыш компания қыркүйек айына дейін өңірдің барлық ұн үгу комбинаттарына арзан бағамен бидай жеткізіп тұруды да жоспарлап отыр.

Самат ЕСМАҒИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp