М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде “Ұлттың абыройын ұлықтаған” деген тақырыпта ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Алқалы басқосу жазушы-журналист, Президент грантының иегері, Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Жақсыбай Самраттың 60 жасқа толған мерейтойына арналды.
Облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың атынан мерейтой иесін құттықтап, иығына шапан жапты. “Шығармашылық талантыңызбен көрініп, қиындығы да, қызығы да мол журналистика саласында тынымсыз еңбек етіп келесіз. Қаламы жүйрік қарымды қаламгер ретінде танылдыңыз. Абылайдың ақ үйін қайтадан қалпына келтіруге зор үлес қостыңыз”, – деді Ғани Сақтағанұлы.
Конференция барысында мерейтой иесіне арналған Парламент Сенатының спикері Мәулен Әшімбаевтың, Парламент Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатовтың ыстық лебізге толы жүрекжарды тілектері оқылды. Қазақстан жоғары мектебі Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Зарқын Тайшыбай, облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Ерік Нұрақаев, облыстық “Soltústik Qazaqstan” газетінің бас редакторы Ербақыт Амантайұлы, “Qyzyljar” телеарнасының директоры Ерлан Тоқшылық, полиция департаменті бастығының орынбасары Қапез Дәулетбаев, тағы басқалары жерлесіміздің шалқар шығармашылық шабытынан туған туындыларына деген оқырмандардың сүйіспеншілігін жеткізді.
Конференцияға қатысушылар танымал қоғам қайраткері, “Қаhармандар” республикалық ұйымының төрағасы, саяси қуғын-сүргін тақырыбын індете зерттеуші-ғалым Сабыр Қасымовтың сөзін үлкен ықыласпен тыңдады. “Мұндай тағылымды ғылыми-практикалық жиындардың ұйымдастырылуының теріскей өңірлер үшін маңызы айрықша. Бұл – Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақсов, Жұмағали Тілеулин сияқты Алаш арыстары өсіп-өнген өңірде туған Жақсыбай бауырымның өмір жолын насихаттау, ел мен жерге деген перзенттік махаббатын таныту ғана емес, ұға білген адамға оның шығармалары арқылы отаршылдық, кеңестік билік аттарын тарихтан өшіруге тырысып, есімдерін атауға тыйым салған, қазақ халқының бостандығы, тәуелсіздігі жолында өмірін қиған қаhармандарымызды ұлықтаудың бір үлгісі болса керек. Ұлттық ұстанымдар төңірегінде өлкетанушылар, журналистер, ғалымдар қоғамдық ой-пікірлер қозғағанымен, одан әрі жалғасын таппай, түрлі себептермен созылып кететіні бар. Бұл, әсіресе, солтүстік аймақтарға тән. Қазақ халқының қаншама біртуар азаматтары кеңестік-тоталитарлық заманда репрессияға ұшыраса да, олардың мәңгі өлмес рухы ұрпақтарын желеп-жебеп келеді. Сол кездегі қаhарман тұлғалардың ерлігі мен өрлігі біздерге қалдырылған аманат іспеттес. Қазақ елінің азаттығы жолында жан тәсілім еткен, шәйіт кеткен арыстарды бағалай білсек, тарихи тұрғыдан әділеттік қалпына келтірілер еді”, – деді белгілі заңгер жиналғандарға үлкен ой тастап.
Университет профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Жанар Таласпаева қаламгердің шығармашылық қырлары жайлы баяндама жасады. Ұлттың абыройын, елдің намысын бәрінен биік қоятын ол әртүрлі қоғамдық құбылыстар, толғақты проблемалар жайлы ойын ашық айтатын, шыншылдықпен жазатын, өткір мәселелер көтере білетін публицист ретінде де танымал. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары құрылған “Қазақ тілі” қоғамының белді мүшесі ретінде қоғамдық-саяси оқиғаларға араласа жүріп, шекараның шетінде, өкпек желдің өтінде тұрған Петропавл қаласының байырғы атауы Қызылжар екенін, осында “Абылайдың ақ үйі” орналасқанын бұлтартпас архив материалдарымен дәлелдей білген азаматтардың бірі. Баяндамашы жазушының әкімшіл-әміршіл жүйеге қарсы жойқын бұлқыныспен қарсы шығып, елдікке, өрлікке ұмтылған қазақтың саналы жастарының бейнесін сомдаған “Бітеу жара”, Қазақстанның тәуелсіз ел болып беку, даму шырғалаңдарын, өтпелі өткелдерін баяндайтын “Өзгеленді бұл ғалам”, “Бұралаң заман” романдарына талдау жасап, сол кезеңдердің оқиғаларын шебер тілмен шынайы түрде жеткізе білгенін тілге тиек етті.
Мінбеге көтерілген республикалық “Egemen Qazaqstan” газетінің жауапты хатшысы Самат Мұса басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлінің құттықтау хатын оқып беріп, сый-сияпат жасады. “Жәкең екеуміз құрдаспыз, бір жылғы төлміз. 2002 жылдан бері қоян-қолтық жұмыс істеп келеміз. Ұжымда үлкен беделге ие. Еңбекқор, ұлтының патриоты. 30-ға жуық алыс-жақын шетелдерде болып, Елбасының жұмыс сапарлары жайлы жолжазбалар циклін жариялады”, – деді ол. Конференцияға онлайн режімде қатысқан белгілі композитор Жоламан Тұрсынбаев, балалар жазушысы Толымбек Әбдірайым, биология ғылымдарының докторы Әйіп Ысқақов шығармашылық табыс тіледі.
Конферецция соңында мерейтой иесі журналистика саласындағы көпжылдық еңбегін бағалап, құрметтеген жерлестеріне ризашылық сезімін білдіріп, алғысын айтты.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.