
Шұғай ақсақал оразасын ашқаннан кейін күндегі әдетімен шеберханасына бет алды. Оның күніне бір мезгіл шалғы шыңдап, балта, пышақтарды қайрап, үзілген жүген, ноқта, тұсауды жөндейтін әдетін ауылдың әр баласы біледі. Шеберхана дейтіні – үйінің жанындағы отын қораға жапсарлас салынған шағын қойма. Арғы жағында жем салынған доңғалақтар тұрса, бер жағында бір қабырғада Шұғай ақсақалдың бес ұлына арнап жасаған шалғылары ілінген. Бұрышта шалғының сабы сынса, ауыстыруға керек деп даярлаған ағаштар сүйеулі тұр. Екінші қабырғада қос қарағайды қатарлай шегелеген сөрелерде бір пайдаға жарар деп жинаған құрал-саймандар қойылған. Жастау кезінде өзі мініп, кейін балалардың тақымында тозған ескі “Урал” мотоцикліне шеберхананың төрінен орын бұйырған. Ішінде “солидолы” бар үлкен темір шелек ақсақалдың терімен қаптап қойған орындығының арғы жағында тұр. Ал оның бер жағында үстіне темір төс қойылған үстел тұр.
Шеберхананың есігі ашық тұрса, жұмысы барлар тура сонда барып, келген шаруасын айтады. Кейбірі “шөп жинайтын тырнауышыңды бере тұршы”, “жағармай бітіп қалып еді, балаңнан сұрап берші”, “арбаның доңғалағы сықырлап жүр, солидол керек” деген бұйымтайын айтса, “ата, сиыр бұзаулай алмай жатыр, апам жіберді” деп өз сөзіне өзі шашалып, ентігін баса алмай тұратын балалар да бұл шеберханаға қарай қара жол салып алған.
Бұл жолы да шеберханаға кіріп, тізесін бүккені сол еді, аяғын сілте басып Қайыр шал келді. Асығыс амандық-саулық сұрасқан оның абыржыған түрінен бір жағдайдың орын алғанын түсінді.
– Естідің бе? Бекпер шалдың немересі өзіне қол салыпты. Құдайдың… – , деп тағы бір нәрсе айтуға оқталған құрдасының сөзін “жетер” деген ишарамен бөлген Шұғайдың жүзі қуарып кетті. Орнынан сүйретіле көтерілген Қайыр: “Барасың ба?” – деп сұрап еді, “кейін” дегендей қолын сілтеді.
Бекпер шалдың жалғыз немересі мұның ортаншы ұлы Саматпен жасты еді. Мектепте де, жоғары оқу орнында да бірге оқыды. Дос, сырлас болатын. Кейін мұның ұлы жұмыс барысымен қалада қалды да, Әлішер атасын жалғыз тастамайын деп ауылға келді. Бір жыл бұрын үйленіп, Бекпер шал өрісім кеңейді деп қуанып еді. Енді мынау… “Әй, Бекпер-ай!”. Шешем марқұм: “Бұл Бекпердің көретіні әлі алда”, – деуші еді. Құдайдың саған дайындаған жазасы осы екен ғой” деген өз ойынан жүрек тұсы шымырлап кетті.
Жастау кезі. Бір күні Бекпер келіп: “Шұғай, саған бидай керек емес пе? Анау Жалағаштың түбіндегі егістікте сабанның астына бидай тығып кеттім. Керек болса, 18 сомға ала ғой”, – деді құлағына сыбырлап. “Әрине, аламын”, – деп үйіне ақша алуға келген Шұғайды шешесі марқұм тоқтатты. Сондағы айтқаны: “Айналайын, мен білетін Бекперге жолаушы болма. Күйдіріп жібереді”, – деді. “Е, неге?”, – деді шешесінің не айтқысы келгенін түсінбеген бұл. “Жалғызым-ау, бұл Бекпер – қарғыс алған адам. Анау Мінайдар ақсақалдың үйінің жанында Қамқа кемпір тұрған. Жарықтықтың ержетіп отырған екі ұлы бар еді. Сол екі ұлды осы Бекпер құртты. Ұжымшардың бір торпағын сойып алып, әлгінің екі бөлек етін Қамқа кемпірдің үйіне апарып беріпті. Ол кезде адамның жанынан ұжымшардың тышқақ лағы артық кез емес пе? Қызыл жағалылар ізіне түсіп, ауылдың шетінен енгенде осы Бекпер: “Мына үй ет жеп отыр”, – деп Қамқаның үйін көрсетіп жіберді. Үйелмелі-сүйелмелі екі ұлы итжеккенге айдалып кеткенде Қамқа кемпірдің көзінен жас емес, қан аққанына біреу сенер, біреу сенбес. Сол кеткен балалары оралмады. Бір әулеттің шаңырағы ортасына түсті”, – дегенде жаңа ғана қол алысып келген Бекперден секемденіп қалды.
Ақыры анасының айтқаны келді. Бекпердің бұған сатпақ болған бидайы сол түні өртеніп кетті. Ойынан анасының сөзі кетпеген Шұғай Жалағаш орманының түбіндегі егістікке барып, өртенген сабанның қалдығын әрі-бері қопарып көріп еді, бір түйір күйген дән таппады. Алдаған екен. Бұдан ақшаны алғаннан кейін сабанға от қояды да, жоқ бидайды өртеніп кетті дейді. Ұрланған бидайды кімге даулап барасың?! Сол оқиғадан кейін Бекперден бойын аулақ салды. Кездескенде амандық-саулық сұрасқаны болмаса, іші бір жылымай-ақ қойды.
“Е-е-ее, тағдыр-ай” деп терең күрсінген Шұғай шал орнынан тұрып, Бекпердің үйіне бет алды. Есік алды қарақұрым кісі. Ұлынан айырылған Меруертке бір топ әйел басу айтып, қолтығынан демеп отыр. “Бекем бол, қарғам”, – деген Шұғайға “Самат естіді ме?” – деп еңірей жөнелді. Ботасынан айырылған бозінгендей боздап отырған Меруертке “Айттым, айттым”, – деп күбірлей жауап беріп, үйге енді. Төрде айтарға сөз таба алмай, тілдері байланып отырған бір топ ақсақалдың арасынан Бекпер шалды көзімен тауып алып, көңіл айтты, жұбатты. “Бұл Құдайға не жаздым? Маңдайыма келіндердің ортасында қалу жазылған ба? Ұлымнан, немеремнен бұрын өзім кетсемші”, – деген Бекпер шал еңкілдеп тұрып жылағанда, көпті көрген ақсақалдардың кейбірінің суалған жанарлары жасаурап кетті.
“Бекпер, жазмыштан озмыш жоқ. Құдайдың жазғанына көнеміз”, деуден басқа сөз таба алмаған жұртшылық үнсіз егілді. “Жүзі жылы, тәрбиесі түзу бала еді. Келіншегінің де айы-күні жетіп отыр. Өзіне қол жұмсайтындай не болды екен?” – деген сұрақ жаназаға жиналғандардың көкейінде кетті.
Ел кейін естіді. Көрші ауылға барып-келіп жұмыс істейтін Әлішер атасынан бір сиырды сатып, мотоцикл алуға рұқсат сұрапты. “Бұл мал-мүлікте сенің үлесің жоқ. Менің жиғаным”, – деген шалдың сөзі шамбайына тиген Әлішер: “Сізге-ақ бұйырсын”, – деп далаға шығып кеткеннен қайтып оралмаған. Сол мал-мүлік иесіз қалды. Әлішердің жетісі өткеннен кейін келіншегі босанды. Өмірге қыз бала келді. “Әулетті жалғайтын ұл туса екен”, – деген Бекпердің тілегі орындалмады. Меруерт сәбиге баласының атына ұйқастырып Әлия деп ат қойды.
Түнеугүні Шұғай ақсақал түнделетіп көрші ауылдан келе жатып, Бекпер шал тұратын көшемен өтті. Әлішерді оң жаққа салған бөлменің жарығы қосулы тұр екен. Аруағы оралады деп бөлмеге шырақ жағып қоятын әдет ырымға сенетін қазақта ертеден бар. Бірақ санаулы күннен соң бұл жарықты да сөндіреді, сонымен бірге бір әулеттің оты өшейін деп тұр. Қамқа кемпірдің қарғысы жібермеді.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltústik Qazaqstan”.