«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қасым ЖҮНІСОВ: “АДАМ ҚИЫНДЫҚТАРДА ШЫҢДАЛАДЫ”

Қасым Жүнісов… Бұл есімді газетіміздің көзі қарақты оқырмандары, өңіріміздің зиялы қауым өкілдері жақсы біледі. Бүгіндері тоқсанның төрінен көрініп отырған соғыс ардагері, республикалық дәрежедегі зейнеткер, отставкадағы полковник Қасым Жүнісовтің өмірбаяны көпшілікке, әсіресе, жастар қауымы үшін туған елінің жарқын болашағы жолында, Бауыржан Момышұлы айтқандай, «жұртым» деп жұмылып, «елім» деп езіліп қызмет еткендерінің қатарынан көрінудің, «Отбасының өнегесі – Отан өнегесі» деген тәмсілді ту етудің жарқын үлгісі болары хақ. Оқырмандарымызды абзал ағамыздың өнегелі өмір жолдарымен жақынырақ таныстыру мақсатында ардагердің үйіне қоңырау шалған едік. Телефон құлағын көтерген ардагердің кенжесі Мұрат Қасымұлы бірден әкесінің келісімін жеткізді. Сөйтіп, қалалық Мәдениет және демалыс саябағының маңында орналасқан ардагердің екінші қабаттағы пәтеріне келдік. Ағамыз өз бөлмесінде бізді көптенгі танысындай қуанышпен қарсы алды. Есту қабілетінің кемістігі болмаса ағамыз тың екен.

– Сан ғасыр аңсап, ата-бабаларымыз арман еткен Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге биыл ширек ғасыр толады. Ғасырға пара-пар осы кезеңде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында еліміз талай белестерді бағындырды. Ал алар асуларымыз одан да биік болатынына көпті көрген ардагер ретінде мен кәміл сенемін. Тәуелсіздік аспаннан түсе қалған жоқ. Бүгінгі қиыншылықтар өтеді, ал ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы секілді ұлы құндылықтар ғана ғұмырлық болмақ.

Менің он екі жасымда шаңырақ көтерген облысымыз да биыл 80 жылдығын атап өтеді. Қызылжар өңірінің өсіп-өркендеуіне өзімнің қал-қадерімше қосқан үлесім бар екенін мақтан тұтамын. Соңғы жылдары облыс әкімі Ерік Сұлтановтың басшылығымен өңіріміз барлық салаларда жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуде. Тұрғын үйлер бой көтеруде, жолдар жөнделуде, балабақшалар салынуда, ауыл, қалалар көркейтілуде. Мұның барлығын жақсылыққа балап, кәрі жүрегім қуанып отырады.

– Қасым аға, Сіз өткен ғасырдың аласапыран жиырмасыншы жылдары егіздің сыңары болып дүние есігін ашыпсыз…

– Мен 1924 жылы бұрынғы Бейнетқор (қазіргі Аққайың) ауданындағы бір шағын ауылда дүниеге келіппін. Ол кездері бірнеше үй бар бір ауыл болып отыра берген ғой. Кейін жаппай ұжымдастыру саясаты жүргізілген кезде сондай бірнеше шағын ауылдар бірігіп, қазіргі Аралағаш ауылы тұрған жерге орналасып, ұжымшар құрды. Бірақ көп ұзамай өткен ғасырдың отызыншы жылдарының басында Голощекин жүргізген «Кіші Октябрь» саясатынан Қазақстанды ашаршылық жайлады. Соның салдарынан көп адамдар аштықтан қырылып, тіпті, ондаған үйлердің шаңырағы ортасына түсті. Бұл нәубет біздің отбасымызды да шарпып өтті. Әкем Қожахмет отбасын сақтап қаламын деп өзі аштықтан көз жұмыпты.

Артында зар илеп сүйген жары Рахила, сегіз жастағы егіз Қаншайыммен бірге мен, төрттегі қарындасым Қайнижамал қалыппыз. Үйде киерге киім, ішерге тамақ болмаған соң анам Рахила балаларының қамын ойлап, түн ұйқысын төрт бөліп өсірген екі қызын амалсыздан балалар үйіне тапсыруға мәжбүр болады. Мені әкемнің ұрпағын жалғастыратын ұлы ретінде жанынан тастамайды. Десек те, анамыз екеуіміз аштықтың зардабын көп көрдік. Тіпті, бірнеше күндер бойы нәр татпаған сәттеріміз болды. Малдың терісін, қамыттың құлақбауын, қайыс божыны, жүгеннің тізгінін қара суға қайнатып жеген сәттерім әлі күнге дейін көз алдымда тұр. Бұл қазіргі жастарға ертегі секілді көрінуі мүмкін. Осындай қиыншылықтар мені алдағы сыны көп өмірге шыңдады деп айта аламын.

Ақыры не керек, амалы құрыған анам мені алты шақырым жердегі Рублевка ауылындағы балалар үйіне беруге мәжбүр болды. Мұны естіген басқа ауылда тұратын әкемнің інісі Жүніс мені, өзінің отбасының қиындығына қарамастан, балалар үйінен шығарып алды. «Балам, орыс тілін білмеген мен сияқтылар көп қиындық көріп жүр ғой», – деп мені Рублевкадағы мектепке өзінің тегіне жазғызып оқуға берді. Құрдасым Сейілбек Тілеулин екеуіміз жаяулап-жалпылап жүріп Рублевка жетіжылдық мектебін 1940 жылы бітірдік. Әрі қарай білім алуға тұрмыс жағдайы жібермеген соң бозбала кезімде ауылда еңбекке араластым. Есепші, жанармай тасушы болдым. Бейнетқор машина-трактор станциясынан қара өгіз жегілген арбамен итшілеп жеткенше жолда Игілік, Жаңа қоныс, Манғұл сияқты қазақ ауылдарын басып өтетінбіз. Қазір олардың біреуі де жоқ. Сөйтіп жүргенде миллиондаған адамның өмірін жалмаған алапат соғыс басталды. Бас көтерер барлық азаматтар майданға аттанып, ауылда қарттар, әйелдер мен біз секілді түбіт мұртты бозбалалар қалды.

– Қырғын соғыстың екінші жылы Сіз де әскерге шақыру алдыңыз ғой…

– Иә. Жаяулап күздің қара суығында аудан орталығына бардым. Бұл соғыстың қайнап тұрған кезі болатын. Содан пойызбен бірнеше күн жүріп Ташкенттің іргесіндегі Шыршық қаласындағы пулеметшілер даярлайтын мектепке жеттік. Кейін бұл мектеп Өзбекстанның оңтүстігіндегі, Ауғанстанмен шекарадағы Термез қаласына ауыстырылды. Солтүстіктен жеткен біздер үшін аптап ыстыққа шыдау қиын болды. Бірақ «Отан үшін отқа түс – күймейсің» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, бұл біздер үшін нағыз сынақтың басы екенін түсіндік. Майданға командир кадрлары тапшы екенін оқытушыларымыз құлағымызға құйып жүрген еді. Келесі жылдың жазында жақсы оқыған отыздан астам курсантты кіші лейтенант атағымен майданға жіберді. Бұл фашистік Германияның Сталинградтағы жеңілісінен кейін бар күшін жинап, Курск, Орел бағыттарында орасан зор шабуылға көшкен кезі болатын. Мен оқ пен дәрінің дәмін бірінші рет Курск иініндегі шайқаста таттым. Оның Екінші дүниежүзілік соғыстағы аумағы мен маңызы жағынан теңдесі жоқ шайқастың бірі болғанын бүгіндері әлем мойындап отыр.

Осы шайқасқа тікелей қатысқан мен не бітірдім? Біреулердің осындай сұрақ қоюы мүмкін ғой. Мен 1943 жылдың шілдесінде маршал С.Конев басқарған екінші далалық майданның пулеметшілер взводының командирі ретінде қиян-кескі шайқасқа қатыстым. Взводтағы жауынгерлер құрамының әр шайқас сайын жартысынан астамы қаза тапқан соң жаңартылып отыратын. Майдан даласы қан сасып тұратын. Мен майдан соқпақтарымен Харьков, Полтава, Кременчуг қалаларын жаудан босату үшін болған жан алысып, жан беріскен шайқастардың бел ортасында болдым. 1944 жылғы қаңтардың қақаған суығында бір елді мекен үшін болған шайқаста екі аяғыма снарядтың жарықшағы тиіп, қатты жарақат алдым. Біздің әскерлер бұл кезде шабуылға шығып, мен майдан даласында бір тәулікке жуық ес-түссіз жатыппын. Соғыс жылдары қаза тапқан жауынгерлерді майдан даласынан жинайтын «жерлеу» ротасы деген болатын. Соның құрамына жарақатынан жазылған соң кірген взодымдағы бұрынғы жауынгерім мені танып, әрі тірі екенімді біліп госпитальға жеткізіпті. Енді бір-екі сағат ішінде мен қансырап өлер едім. Көрер жарығым бар екен, Құдайдың жазуымен өлімнен осылай аман қалдым. Содан соң Чита қаласындағы госпитальға ауыстырылып, онда сегіз айдай емделдім. 1945 жылы мен Жеңіс күнін кішкентай ғана Даурия деген стансада қарсы алдым. Одан кейін Жапонияға қарсы соғысқа қатыстым, Манчжурия шекарасынан өтіп, Хайлар, Харбин қалалары үшін болған шайқастың бел ортасында болдым.

Әскери қызметімді толық аяқтаған соң 1947 жылдың көктемінде аяғым туған жердің топырағын басты.

Мұғалімдер институтын үздік (бүгінгі жастар қызыл дипломмен мақтанады ғой) бітіріп, Ленин (қазіргі Есіл) ауданындағы Ильинка мектебі директорының орынбасары болып еңбек жолымды жалғастырдым. Бірақ ол орында көп жұмыс істей алған жоқпын. Облыстық партия комитетінің ұйғарымымен мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне қызметке баруыма тура келді, өйткені, онда да кадр тапшы болатын. Онда төрт жылдай жұмыс істеген соң өз еркіммен партиялық жұмысқа ауысуға бел будым. Омбы қаласындағы педагогика институтын сырттай бітірдім, Алматы қаласындағы жоғары партия мектебіне барып оқыдым.

– Біз Сізді облыстық партия комитетінде жұмыс істеген жылдардан жақсы білеміз. Осы кезеңдегі өміріңізге қысқаша тоқтала кетсеңіз.

– Кеңес өкіметі заманындағы жағдайларды асыра мақтайды деп ойламассың. Оның біразына өзің де куәсің ғой. Мен отыз жылдан астам қалалық және облыстық партия комитеттерінде лауазымды қызметтер атқардым. Өңіріміздің жоғары және орта білім берудің, халық ағарту ісінің, денсаулық сақтаудың басықасында болып, олардың қаз тұрып, қанат жаюының тірі куәсіне айналдым деуіме толық құқығым бар. «Бәрін өзім істедім, тындырдым» деп айта алмаспын. Десек те, осы салаларда өз еңбегімнің барын білемін.

Мен жұмыс істеген жылдары облысымыздағы 150-ден астам кеңшар мен ұжымшарлардың орталығында үш қабатты мектептер бой көтерді. Ал бұған дейін жиырма шақты ғана типті мектеп болған еді. Облысымыздағы, Петропавл қаласындағы бірнеше мектеп ұжымдарының тәжірибелері үлгі ретінде республика аумағына таратылды. Сол кездері В.Сакун, Қ.Мұқанов, А.Шпунтова, Л.Мухо, А.Шишкин, А.Игібаев, Г.Кубраков, Ә.Қожабеков, М.Қасенов және басқа да білікті мамандармен жұмыс істеп, білім саласын жаңа деңгейге көтердік.

Осы жылдары облысымызда кәсіптік-техникалық білім беру де кең қанат жайды деп айта аламын. Облыстағы 24 училище ауыл шаруашылығына, өнеркәсіп пен құрылысқа қажетті мамандарды даярлайтын. Петропавл, Қарақоға, Асаново, Сергеевка, Тимирязево, Пресновка, Боголюбово кәсіп-тіктехникалық училищелерінің материалдық-техникалық базалары заман талабына сай болатын.

Қазып айтсаң, әңгіме туындай береді екен. Бүгіндері Тәуелсіздігіміздің арқасында жоғымызды түгендеп жатырмыз ғой. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары қазақ мектептерінің жабылуына ауылдағы қандастарымыздың түрткі болғанына өзім куә болдым. Мен салаға жауапты басшылардың бірі ретінде оған жол бергеніме өз кінәмді мойындаймын. Оның бірнеше себептері болғанын қалай жоққа шығарамыз. Облыстағы педагогика институтында, техникумдар мен училищелерде сабақ тек орыс тілінде жүргізілетін. Ауылдағы қазақтар балаларының болашағы орыс тілінде деп, амалсыздан орысша оқуға беріп жатты. Қазақ мектептерінде мұғалімдер жетіспейтін жағдайға душар болдық. Осындай кемшіліктерді түзету қолға кеш алынды. Кейінірек жоғары және орта оқу орындарында қазақ балаларының білім алуына жағдай жасала бастады, оларға 30 пайыздық квота бөлінді.

Мен қызмет етіп жүрген жылдары қаламызда Петропавл педагогика институты мен Қарағанды университетінің филиалы болатын. Қысқаша ғана айтсам, оларды біріктіруге көп күш-жігер жұмсалды. Соның нәтижесінде Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін ашуға қол жеткіздік. Ол еліміздің жоғары санаттағы білім ордаларының біріне айналды, қазақ тілінде мамандар даярлау заман талабына сай жүргізіле бастады. Мен бұл іске аз да болса үлес қосқанымды мақтан тұтамын.

Қызмет еткен жылдарымда жетекшілік еткен денсаулық саласында да елеулі ілгерілеу болғанын қалай айтпай кетейін. Ол кездері ауылдарда дәрігерлер өте тапшы болатын. Бұл мәселені түбегейлі шешу мақсатында Қарағанды, Целиноград, Шымкент қалаларына барып, медицина институттарымен келіссөз жүргізуге тура келді. Осы жоғары оқу орындарында дәрігерлер даярлау арқылы мәселе өз шешімін тапты. Жаңадан ауруханалар, емханалар салынды, барлық дерлік елді мекендерде фельдшерлік-акушерлік пункттер жұмыс істеді. Қысқаша ғана айтсам, биыл 80 жылдығын атап өтетін Солтүстік Қазақстан облысының дамуына қал-қадерімше қосқан үлесім осындай болды.

Халқымның алдында адал еңбегім ескерусіз қалған жоқ. «Қызыл Жұлдыз», ІІ дәрежелі Отан соғысы, «Халықтар достығы», «Құрмет» ордендерімен марапатталдым, оның үстіне әртүрлі жиырма медалім бар.

– Біз Сізді үлгілі отбасының бәйтерегі, немере-шөберелерінің сүйікті атасы деп білеміз.

– Құдай қосқан қосағым Иранбағы Жәзитқызымен 1950 жылы шаңырақ көтердік. Ол сол кездері комсомол жұмысында белсенділігімен көзге түсіп жүрген қазақ қыздарының бірі болатын. Міне, алпыс алты жыл бойы бір-бірімізге тірек болып өмір сүріп жатырмыз. Бұл біле білгенге бір адамның ғұмыры емес пе? Екі ұл мен екі қызды тәрбиелеп өсірдік. Олар қалаған мамандықтарын алды. Үлкен қызымыз Жаңылжан – саясаттану ғылымдарының докторы, профессор, қазір Президент жанындағы мемлекеттік қызмет академиясында жұмыс істейді. Ұлым Болат – кардиолог-реаниматолог, көп жылдар бойы облыс орталығындағы емдеу мекемелерінде еңбек етті, қазір зейнеткер. Ботагөзім – биология ғылымдарының докторы, профессор, Өскемен мемлекеттік техникалық университетінің қызметкері. Кенжем Мұраттың мамандығы экономист, бизнес саласында болған. Қазір бірге тұрамыз, бізді күтіп жүр. Төрт немере мен үш шөберенің ата-әжесі болып отырғанымызға шүкіршілік етеміз.

Мен өзімді облыстағы, тіпті, еліміздегі қазақ баспасөзінің қарашаңырағы – «Солтүстік Қазақстан» газетінің құрдасымын деп санаймын. Өзімнің саналы ғұмырымда сүйікті газетімнен ешқашан қол үзіп көрген жоқпын. Алғашқы саны «Кедей сөзі» болып шыққан, Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Сәбит Мұқанов және басқа да ұлтымыздың зиялы қауым өкілдері еңбек еткен газеттің алғашқы нөмірі жарық көргеннен кейін екі жылдан соң туғанмын. Өзім секілді ғасырға жуық тарихы бар басылым менің өмірімде өзінің айшықты ізін қалдырды деп айтуыма толық негіз бар. Оның әр санын оқып отырамын. Соңғы кездері оқырман қауымын қызықтыратын тақырыптарға қалам тербеп жүргендерің құптарлық. Журналистер қауымының қаламдары үшкір болсын.

– Қасым аға, әңгімеңізге де, тілегіңізге де көп рахмет!

Әңгімелескен

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

«Солтүстік Қазақстан».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp