«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қатысудың өзі — жеңіс

Өңір басшысы, “Nur Otan” партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Құмар Ақсақалов партия ішіндегі іріктеуге қатысушылармен кездесіп, белсенділік танытқандары үшін Алғыс хаттар табыс етті.

“Nur Otan” партиясының Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен елімізде алғаш рет ұйымдастырылған жаңа форматтағы іріктеу ішкі саяси демократия мен “әлеуметтік лифт” механизмін қалыптастыруға бағытталып, ел өміріндегі маңызды шараға айналғаны белгілі. Праймериз кезінде 25989 солтүстікқазақстандық өз таңдауын жасады. 18 мыңнан астамы онлайн, 7,5 мыңы бюллетень бойынша дауыс берді. Саяси додада 632 үміткер бағын сынады, 40 пайызы – әйелдер, 26 пайызы – 35 жасқа дейінгі жастар, сонымен қатар 11 көпбалалы ана, 5 мүмкіндігі шектеулі жан қатысты. Үгіт-насихат жұмыстары үшін тең мүмкіндіктер ұсынылды, кандидаттар 6500-дей кездесу өткізіп, пікірсайыстарға қатысты. Бұл іс-шараларға 123500 адам қатысты. 1200-ден астам ұсыныс-пікір жинақталды. Әсіресе, қоғамдық пікірталас ерекше қызығушылық тудырды. Тікелей эфирлер арқылы он мыңнан астам адам тамашалады. Тұрғындарды жол, сапалы ауызсу, тұрғын үй, денсаулық сақтау, білім беру секілді әлеуметтік мәселелер көбірек толғандыратыны анықталды. Дебаттан бас тартқан 9 үміткер праймеризден шығарылды.

– Барлығымыз бірлесе отырып, Елбасы бастамасымен қолға алынған партияішілік іріктеу – праймериздің алғашқы кезеңін ойдағыдай аяқтадық, – деді жиналғандар алдында сөйлеген сөзінде Құмар Іргебайұлы. – Праймериз партия тәжірибесінде тұңғыш рет өтіп отырған үлкен саяси науқан ретінде есте қалады. Іріктеудің сәтті өтуіне сіздердің қосқан үлестеріңіз зор.Саяси шара кезінде халыққа айтатын ойы бар, елдің алдына шығып, іс-қимыл бағдарламаларын жеткізе алумен қатар сенімді түрде қорғай алатын, мемлекетіміздің ертеңі үшін аянбай еңбек етуге даяр тұлғалардың саяси күш шоғыры қалыптасты деп нық айта аламыз. Осы күндері әрбір нұротандық саяси ұйымның бір бөлігі ретінде дауыс беріп, өзінің таңдауын жасады.

Филиал төрағасы атап өткендей, сайлауалды бағдарламаларда қамтылған өзекті мәселелер, тұрғындар тарапынан айтылған өтініш-тілектер мен ұсыныстар бақылауға алынады. “Біреу жеңдім деп қуанып жүр. Екіншілері алға қойған мақсаттарына жете алмаған болар. Жалпы, менің ойымша, мұнда жеңімпаздар мен жеңілгендер жоқ. Барлығының мерейі үстем болды. Жұртшылықтың сенімі мен қолдауын көрдік. Сіздердің ынта-жігерлеріңіз, белсенді іс-әрекеттеріңіз үлкен құрметке лайық. Праймериз – арамызда саяси белсенді, ұстанымы жоғары азаматтардың көп екенін көрсетті”, – деді Құмар Іргебайұлы.

Жиында экономика ғылымдарының докторы Анатолий Башмаков, “Солтүстік Қазақстан электр желісін тарату компаниясы” АҚ-ның бас директоры Анатолий Казановский, Назарбаев зияткерлік мектебінің ұстазы Бақытжан Тұрсынов сөз сөйледі. Алқалы басқосуда жалпыұлттық деңгейде тұңғыш рет ұйымдастырылған партияішілік іріктеуге белсене атсалысқан бір топ қатысушыға облыс әкімінің Алғыс хаты салтанатты түрде табысталды. Жеті аталым бойынша үздік деп танылғандар арасында Дмитрий Колода, Бақытжан Тұрсынов, Төлеген Иманов, Владимир Витченко, Закиржан Мамлютов, Алла Писаренко, Зәмзәгүл Жұматова бар.

Партияның облыстық филиалының баспасөз хатшысы Ілияс Сабдиновтың айтуынша, енді партиялық тізімдерді қалыптастыру үрдісі басталады. Қалалық және облыстық филиалдардың конференцияларында аудандық және облыстық мәслихаттардың сайлауына ұсынылатын партиялық тізімдер бекітіледі. Кейін жеке-дара пікірсайыс өткен соң оның қорытындылары бойынша жасырын рейтингтік дауыс беру арқылы облыстық мәслихат пен Парламент Мәжілісінің сайлауына ұсыну үшін үміткерлер таңдалады.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp