«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАУЫРТ ШАҚТА

Мамлют ауданының егістік алқабы 164,2 мың гектарды құрайды, оның 131,8 мың гектары дәнді дақылдарға арналған. Биыл бидай (108,7 мың га.), арпа (14,6 мың), сұлымен (5,3 мың) бірге 2 мың гектар жерге аралас дақылдар, 400 гектарға күзгі бидай, 600 гектарға бұршақты дақылдар, 100 гектарға қарақұмық, 16,3 мың гектарға майлы дақылдар, 5 мың гектарға біржылдық шөп себу жоспарланған.  

Биылғы көктемгі дала жұмыстарын ұйымшылдықпен өткізіп, майлы дақылдар алқабын жоспардан асыра орындап жатқан мамлюттіктерге арнайы ат басын бұрып, аудан әкімімен науқанның барысы жайлы әңгімелескен едік.

– Биылғы көктемгі-дала жұмыстарына әртүрлі модификациядағы 783 сеялка мен 23 себу кешені қатысуда. Бидайдың орташа-кештеу пісетін “Шортанды-95”, “Омбы-35”, “Алтайка” сұрыптары дәнді дақылдар алқабының 65,9 пайызына, тез пісетін “Астана”, “Астана-2” , “Омбы-36” сұрыптары 43,1 пайызына себіледі. 28 мамырдағы мәлімет бойынша, егістік алқабының 77,5 пайызында себу жұмыстары атқарылды. Майлы дақылдардан жоспар 121 пайызға орындалса, 893 гектар жерге картоп, 100 гектарға көкөніс егіп, жоспарды 100 пайызға жеткіздік. Сонымен, бидай себуді 30 мамырға дейін, жемазықтық дақылдарды 3 маусымға дейін аяқтауды межелеп отырмыз, – деді аудан әкімі Владимир Бубенко.

Науқан басталғаннан бері 7600 гектар алқапқа 300 тонна тыңайтқыш, 30 мың гектарға гербицид сіңірілген. Химиялық өңдеу жүргізу үшін жеткілікті көлемде гербицид, фунгицид әзірленген, 20,8 мың гектар алқапта зиянкестерге қарсы өңдеу жүргізілмек.

Аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірі – “Стан” ЖШС. Ендігі іссапарымызды осы серіктестікте жалғастырдық. Агроқұрылымның қырдағы қосы Новоукраинка ауылының іргесінде орналасқан екен. Серіктестік директоры Қанат Бекенов бізді Ресейдің Қорған облысымен шектесетін егістік алқапқа қарай бастады. Таңертеңнен бері үздік-үздік жауып тұрған өткінші жаңбыр дала жұмыстарын бір сәтке тоқтатып тастапты.

– Бұл өткен күзде сүдігер жыртылған алқап. Аумағы 400 гектардай. Мұнда серіктестіктің 8 агрегаты себу жұмыстарын атқарып жатыр. Тәжірибелі маман Тагир Сюникаев басқаратын механизаторлардың күндік өнімділігі 300 гектардан кем емес. Ауа райы бөгет жасамаса, бидай себуді мамырдың 31-іне дейін аяқтаймыз. Қазіргі көктемгі-дала жұмыстарына барлығы 30 адам жұмылдырылған. Оларды екі мезгіл тамақпен қамтамасыз етеміз. Осы елді мекендегі дала қосында екі аспаз әзірлеген тамақты жұмыс орнына арнайы автобуспен жеткізіп береміз. Ыстық тамақ бағасының 15 пайызын ғана диқандардың еңбекақысынан ұстап қаламыз, – дейді Қанат Жаңабайұлы.

Өткен жылы 1400 гектар алқап парға қалдырылыпты. Оған бидайдың “Омбы-35”, “Омбы-36”, “Астана” сұрыптары себіліпті. Биыл шаруашылық алғаш рет майлы дақылдардан зығыр егуді қолға алыпты. Ол үшін қыс бойы 4 “СЗС-2,1” сеялкасын әзірлеген.

– Өз күшімізбен қайта жабдықтаған сеялкалар агрегатымен 503 гектар алқапқа зығыр септік. Аз шығынмен жасалған техникада тоқтау болған жоқ. Бұршақ алқабына 76 гектарды дайындап отырмыз. Тіркемелі дәрібүріккіш қондырғысын қосалқы бөлшектер арқылы өзіміз жинаған едік. Ол аздық етеді. Сондықтан “ҚазАгроҚаржы” арқылы жаңа бір агрегат пен “МТЗ-1221” тракторын алуға келісім жасадық. Мал шаруашылығына пішендеме әзірлеу үшін 180 гектар алқапқа аралас дақылдар, 69 гектарға көпжылдық экспарцет шөбін егеміз, – деді серіктестіктің жазғы мал жайылымына бет алған кезімізде Қанат Бекенов.

Агроқұрылымның мал шаруашылығымен айналыса бастағанына екінші жыл ғана. Серіктестік өткен жылы өз күшімен екі қора салып алыпты.

– Биыл тағы 60 бас малға арналған қораның құрылысын бастаймыз. Қажетті материалдарын әзірлеп те қойдық. Мал басының көбейе бастауына орай келесі жылы пішендемеге арналған алқапты 300 гектарға жеткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді Қанат Жаңабайұлы.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: (сол жақтан алтыншы) ЖШС директоры Қ.Бекенов механизаторлармен жұмыс жайлы әңгімелесуде.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp