Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Нұрлан Атығаевтың төрағалығымен өткен баспасөз мәслихатында соңғы күндері тіркелген өрт оқиғаларының себебі айтылды.
– Жыл басынан бері Петропавл қаласында, Айыртау мен Жамбыл аудандарында жалпы 5,7 гектар аумақта 4 орман өрті тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда төрт есеге көп. Сондай-ақ, 400 гектар аумақта құрғақ шөп жанып кетті. Жеті саяжай өртенді. Келеңсіздіктің алдын алу үшін 206 адамнан жасақталған 48 жедел топ 112 рейд жүргізген болатын. Тексеріс нәтижесінде 43 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 13 мың теңге айыппұл салынды. Өкінішке қарай, дала өрттері жиілеп кетті. Бұған қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы себеп болуда, – деді Нұрлан Бауыржанұлы.
Соңғы екі өрт оқиғасы Мағжан Жұмабаев ауданында тіркелді. 19 сәуір күні түстен кейін Булаево қаласындағы өрт сөндіру қызметіне Золотая Нива ауылының жанында құрғақ шөптің жанып жатқандығы туралы хабар түседі. Тілсіз жауды ауыздықтау жұмыстарына №22 бекетінің кезекші тобы, “Кинцель” және “Литвиненко” шаруа қожалықтарының еріктілері жұмылдырылды. Жалпы 1200 шаршы метр аумақты шарпыған қызыл жалынды сөндіруге екі сағат жұмсалды. Өрт иесіз тұрған үш үйді де шарпып, екі тұрғын түрлі дәрежедегі дене жарақатын алды. 1974 жылғы аудан тұрғынына қажетті медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілді. Ал омыртқасын күйік шалған 1977 жылғы азамат аудандық орталық ауруханада ем алуда. Кейін белгілі болғандай, ауыл тұрғындары даладағы шөпті өртеген кезде қатты жел көтерілген. Сөйтіп, қызыл жалын ауылдың шетіне дейін жеткен. Қазір департамент мамандары бұл оқиға бойынша тексеріс жүргізуде. Қауіпсіздік ережелерін сақтамаған азаматтар әкімшілік жауапқа тартылады.
Тағы бір өрт оқиғасы 21 сәуір күні таңға жуық Изобильное елді мекенінде тіркелді. Белгісіз біреулер құрғақ шөпті жағып, салдарынан бұл ауылда да иесіз тұрған үш үй отқа оранған. Өрт ошағы аудандық төтенше жағдай бөлімінің және “Земля Возвышенки” шаруа қожалығы еріктілерінің бірлескен жұмыстарының нәтижесінде толық ауыздықталды. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ.
Евгений ЖУРАВЛЕВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің ішкі және сыртқы коммуникациялар тобының бас маманы.