Өңірімізде карантин жарияланғаннан бері жергілікті тұрғындар өздерінің және жақындарының денсаулығына алаңдаушылық танытуда. Әлеуметтік желі парақшаларында да облыстағы жағдайға қатысты шындыққа жанаспайтын мәліметтер кездеседі. Сондықтан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиев және жергілікті тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Татьяна Горлова коронавирус инфекциясына қатысты солтүстікқазақстандықтарды толғандырып отырған өзекті сұрақтарға кезекті баспасөз мәслихатының барысында жауап берді.
Алдымен статистикалық мәліметтерге тоқталған спикерлер бүгінде қауіпті індет жұқтырған азаматтардың саны 29-ға жеткенін айтты. Олардың жиырмасы – облыс орталығынан, төртеуі – Тайынша, үшеуі Қызылжар аудандарынан анықталса, Ақжар және Мамлют аудандарында бір фактіден тіркелген. Қауіпті індетке шалдыққандардың бесеуі жазылып, үйлеріне қайтарылса, біреуі тұрғылықты мекенжайы бойынша Көкшетау қаласына жіберілген. №1 қалалық аурухананың инфекциялық стационарында жатқан 23 науқастың денсаулығы қанағаттанарлық, олар барлық талаптарға сәйкес ем қабылдауда.
«Облыстағы коронавирус инфекциясына сараптама жүргізетін жалғыз талдау орталығында 7000-нан астам тест бар. Бұл әзірше жеткілікті. Мұндай тексерістен көбінесе, жедел респираторлық-вирустық инфекцияға, пневмония сияқты басқа да ауруларға шалдыққан азаматтар өтуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, осындай күрделі уақытта денсаулықтарын қатерге тігіп жүрген медициналық қызметкерлерге үстемеақы төлеу шаралары да қарастырылды. Наурыз айының қорытындысы бойынша облыста 514 қызметкерге жалпы сомасы 53,1 млн. теңге ақша төленді», – деді Тимур Сұлтанғазиев. Бірақ коронавирус инфекциясын жұқтырған 15 жергілікті медицина қызметкеріне тиісті ақша қашан төленетіні белгісіз. Өйткені, бұл үшін нормативті-құқықтық акті қабылданбаған.
Облыста карантин енгізілгеннен бері коронавирус жұқпасы шыққан 38 ошақ белгіленген. Аталған орындардың барлығына дезинфекция шаралары жүргізіліп, науқастармен байланыста болған азаматтар бақылауға алынды. Тексеріс жұмыстарының қорытындысы бойынша тоғыз ошақ бұл тізімнен алынып тасталды. Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Татьяна Горлованың сөзіне сәйкес, осы уақытқа дейін 3424 адамға коронавирус инфекциясына сараптама жүргізілген. Оның 3395-і теріс нәтиже көрсеткен.
Осыдан кейін спикерлер облыс тұрғындарынан және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен түскен сұрақтарға жауап берді. Олардың дені Лондоннан оралған отандастарымыздың жайына қатысты болды. Спикерлер олар облыс орталығына келгеннен кейін қонақүйден шығып, орталық көшеде қыдырғандары жайлы хабарды жоққа шығарды. «Облыстық штабтың шешімі бойынша олар «Қызылжар» қонақүйіне орналастырылды. Әр қабатта бейнебақылау камералары орнатылған әрі тәртіп сақшыларының қатаң бақылауында болды. Коронавирус инфекциясына жүргізілген сараптама нәтижесі белгілі болғанша, олар қонақүйден сыртқа мүлдем шыққан жоқ. Ал қазіргі таңда олардың жартысынан астамы басқа өңірлердегі үйлеріне жіберілді. Өйткені, тест олардың қауіпті дерт жұқтырмағандарын көрсетті», – деген Татьяна Горлова олардың қауіпсіздігін күзеткен екі тәртіп сақшысы, бес шекара қызметкері, медицина қызметкерлері мен қонақүйдің екі қызметкеріне жүргізілген сараптама нәтижесі де теріс шыққанын тілге тиек етті.
Сонымен қатар Ақжар ауданында тіркелген жағдайға қатысты да түсініктеме берілді. Көктемгі егіс науқанына қатысты өңірімізге іссапармен келген азамат – Көкшетау қаласының тұрғыны. Сондықтан науқасты Ақжар ауданынан 120 шақырымда орналасқан қаласына жіберу туралы шешім қабылданған. Ол Ақжар және Уәлиханов аудандарының арасында жүргендіктен, инфекция жұқтыруы мүмкін екі ошақ белгіленіп, байланыста болған адамдар тексерілген. Олардың барлығы теріс нәтиже көрсеткен.
Елімізде коронавирус дертінің белең алып, жұқтырғандар санының артуына байланысты жаппай скринингтен өткізу шаралары қабылдануда, Облыс бойынша бұл тексерістен өтетін азаматтардың тізімі жасалған. Татьяна Горлованың айтуынша, олардың саны 37 мыңнан асады. Бұл тізімге жоғарыда айтылған дерттерге және созылмалы ауруларға шалдыққан азаматтармен қатар, екіқабат әйелдер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері енген. Айта кету керек, қазіргі таңда облыс бойынша бұл тексерістерді жүргізетін бір ғана талдау орталығы бар. Сондықтан, талдау жұмыстары жоспарға сәйкес жүзеге асырылмақ. Ал оны кезектен тыс, ақылы өтуге мүмкіндік жоқ. Бірақ алдағы уақытта тағы бір талдау орталығы ашылады деп жоспарлануда.
Спикерлер өңір тұрғындарына әлем жұртын алаңдатқан коронавирус қаупі сейілмегендігін жеткізіп, себепсіз далаға шықпау керектігін тағы бір мәрте ескертті.