Өткен жылы Нұр-Сұлтандағы жер үйде өрт шығып, бір отбасының бес кішкентай қызы қаза тапқан болатын. Өкінішке қарай, бұл жантүршігерлік оқиға өзгелерге сабақ болмаған секілді. Жыл сайын төтенше жағдайлар қызметінің мамандары әр үйдің есігін қағып, пеш жағу талаптарын түсіндіріп, жеке бас қауіпсіздігі ережелерін сақтану қажеттігін ескертумен әлек. Дегенмен, иіс тию немесе үй өртену салдарынан адамдардың қаза болуы әлі де толастар емес.
Апаттардың алдын алу шаралары қаншалықты жасалып жатқанымен, адамдардың немқұрайдылығынан иіс тиген азаматтардың саны азаймай отыр. Мен бұған төтенше жағдайларда шұғыл медициналық жәрдем беру мақсатында құрылған апаттар медицинасы орталығының өкілі ретінде талай рет көз жеткіздім. Біз күнделікті жұмысымызда оқыс оқиғалар кезінде зардап шеккен азаматтарға шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсетеміз. Орталығымыздың мамандары өрт шыққан кезде иіс тиіп уланған тұрғындарға бірінші болып қол ұшын береді. Атап айтар болсақ, былтыр он жерлесіміз өрт оқиғасы кезінде жапа шеккен болатын. Биыл бұл көрсеткіш 14-ке дейін жетті. Яғни, тұрғындар қауіпсіздік деген сөз мәселесіне қажетті деңгейде көңіл бөлмейді.
Түтіннен уланудың қауіпті екенін естен шығармаған жөн. Көмірқышқыл газы тыныс алу жолдары арқылы ағзаға кіріп, қан тамырындағы гемоглобиннің қозғалысын тежейді. Осылайша, әртүрлі органдардың оттегімен қамтамасыз етілуі нашарлайды. Тіпті, ошақ басында отырып та уланып қалуға болады. Өзіңіз темекі тартпасаңыз да, жаныңыздағылардың темекісінен шыққан түтін ағзаңыз үшін зиянды екенін ескеріңіз. Күн сайын ас дайындау кезінде ағзаға түсетін көмірқышқыл газының көлемі де екі қорап темекі шеккенмен бірдей екен. Пластик, поролон, резеңке, бояу және лак жанған кезде бөлінетін түтін адам ағзасы үшін тіпті қауіпті. Себебі, түтінмен бірге фосген мен диоксин қатерлі аурулардың туындауына себепкер болуы мүмкін. Ал цианидтер күшті аллергиялық реакциялар тудырады. Денеңіздің әлсіреп, бастың ауруы, беттің қызарып, тамыр соғуының жиілеуі, ұйқышылдық, бұлшық еттегі ауырсыну, құсу және естен тану – түтінмен уланудың негізгі белгілері. Бұл белгілер бірнеше сағаттан кейін пайда болуы мүмкін.
Зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсете білген абзал. Есіңізде болсын, уанған адамды қауіпті жерден алып шығу барысында бірінші кезекте өз қауіпсіздігіңізді де ойлағаныңыз жөн. Ең алдымен, “Жедел жәрдем” көлігін шақырып, жақын маңдағы емдеу мекемесіне көмекке жүгіну қажет. Түтінмен уланған адамды таза ауаға шығарып, тыныс алуын қиындататын киімдерді шешу керек. Ағзадағы токсиндердің шығуын жеделдету үшін “Полисорб МП” немесе “белсендендірілген көмір” сияқты сорбент беру керек. Бұл дәрілер ішек-қарын жолдарын тазалауға көмектеседі. Естен танған азаматқа спирт сіңірілген нашатыр иіскету керек. Тыныс алу жолдарын құсықтан тазартуды ұмытпаңыз. Зардап шегушінің тамырын ұстап, жүрек соғысының бар-жоғын тексерген жөн. Жүрек соғысы сезілмеген жағдайда кеудеге массаж жасап, жасанды тыныс беру керек.
Рашид БИКЧЕНТАЕВ,
апаттар медицинасы орталығы облыстық филиалының фельдшері.
Сурет: https://health.24tv.ua/