«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚИЫН КЕЗДЕГІ ҚИСЫНДЫ ҚАДАМ

Мемлекет басшысының “Қазақстан жаңа жаһандық ахуалда: өсім, реформалар, даму” атты Жолдауында әлеуметтік, экономикалық, саяси бағдарламалар кешенді қарастырылып, дағдарысты еңсерудің нақты жолдары нұсқалды. Бүгінгі күні барша республика жұртшылығы сияқты, біздің төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің қызметкерлері де Бес институттық реформаны жүзеге асыруға арналған “100 нақты қадам” Ұлт жоспарын белсенді жүзеге асыруға жұмыла кірісіп кетті. Ал Елбасының кезектен тыс Парламент және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауын өткізу туралы Мәжіліс депутаттарының бастамасын түсіністікпен қабыл алып, арнайы Жарлыққа қол қоюын дағдарысқа қарсы белгіленген шараларды одан әрі тиімділікпен жүргізуді көздеген кемел шешім деп білеміз. Президентіміз Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындауға байланысты халыққа жолдаған Үндеуінде қалыптасқан қиын уақыт ел алдына өте күрделі міндеттер мен сын-қатерлер тосып отырғанын, халықаралық ахуал күрделене түскенін, соған орай тиісті шаралар қабылдаудың маңыздылығын атап көрсетті. 20 наурыз күні өтетін сайлауда жаңартылатын Парламент сауатты, іскер, халық мүддесін ойлайтын азаматтармен толығып, алға қойған міндеттерді жауапкершілікпен атқарады деген сенімдеміз.

Қазіргі бүкіл әлемде қиыншылықтар тудырған аласапыран кезеңде жұдырықтай жұмылып, бір арнаға күш біріктірудің маңызы зор. Әлемдегі озық 30 елдің деңгейіне көтерілуді басты мақсат еткен Қазақстан үшін қазір нағыз сын уақыты. Алға қарай жылжуымызға, ілгерілеуімізге бесінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісі зор үлес қосқанын, заң шығарушылық міндетін ойдағыдай атқарғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл үшін халық қалаулыларына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Десек те, өмір бір орнында тұрмайды. Уақыт талабы басқа. Жарқын болашақ тынымсыз ізденістерді, тың күштерді, қарымды қадамдарды қажет ететінін ескерсек, мерзімінен бұрын сайлау өткізуден ұтарымыз көп болмақ. Оның үстіне Мәжіліс депутаттарының Үндеуінде айтылғандай, мәслихаттар сайлауын бір мезгілде өткізу қаржылық және ұйымдастырушылық жұмыстар жағынан да көптеген жеңілдіктер туғызады.

Президентіміздің қазіргі Мәжілісті таратып, мерзімінен бұрын сайлау өткізу жөнінде шығарған Жарлығы көпшілік көңілінен шығып, халқымызды жігерлендіре, одан әрі топтастыра түсетіндігіне күмән жоқ.

Нұрлан АТЫҒАЕВ,

 облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp