«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚИЫН СӘТТЕ — ҚАМҚОРШЫҢ

Халқымыз “Бала – бауыр етің” деп бекерге айтпаған ғой. Өміріміздің жалғасы һәм еліміздің келешегі – бүлдіршіндердің дені сау болып, бақытты балалық шақтың қызығын көрулері керек. Ата-анасының, жақындарының ортасында өмір сүргенге не жетсін?! Бірақ денсаулығында кінәраты бар балғындар бұл мүмкіндіктен айырылған. Петропавлдағы балаларды әлеуметтік қолдау орталығында солардың бірқатарымен таныстық.

Олардың ауыр тағдыры бізді де бей-жай қалдырмады. Балғындардың өмірге деген құштарлығына, талпынысына таңданбау мүмкін емес.

Орталықта психоневрологиялық ауытқушылығы бар, ақыл-есі кем, нашар көретін, есту қабілеті бұзылған, эпилепсия, шизофрения, тағы басқа дерттерге шалдыққан бүлдіршіндер бар. Ондағы 51 бала стационарда ем қабылдаса, 43 бүлдіршінді ата-анасы таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін әкеліп отырады екен. Балғындардың жасы әртүрлі. Әлеуметтік қолдау орталығында 160 адам жұмыс істейді. Дефектолог, психолог, логопед, педагог сияқты мамандардың барлығы мұқтаж жандарға қолдан келген көмегін аямай, қашанда қамқорлық танытады. Өз ісіне шын көңілмен, адал ниетімен берілген мамандар әрбір бүлдіршіннің жүрегіне үміт отын жағып, болашаққа, алға үлкен сеніммен қарауға жетелейді.

Мамандар балалармен тұрмыстық, педагогикалық, медициналық, мәдени, психологиялық және әлеуметтік-құқықтық бағыттар бойынша жұмыс жүргізеді. Әр маман – баланың арқасүйер қамқоршысы. Бүлдіршіндер орталық мамандарының көмегімен гидро және физио ем-шараларын қабылдап, оңалту жаттығуларын жасайды.

– Қызметкерлерді жұмысқа қабылдағанда, маманның тәжірибесіне айрықша назар аударамыз. Өйткені, біздің орталықтағы балалар ерекше күтімді қажет етеді. Кейбір кезде жұмысқа орналасқанына аз уақыт өткеннен кейін қиындыққа шыдай алмайтындар кездесіп жатады. Ондайда ешкімге ренішіміз жоқ. Тағдыры қиын адамдармен жұмыс істеу оңай емес, – деді орталық басшысы Айгүл Ахметова.

Қамкөңіл бүлдіршіндердің көңіл күйін көтеріп, қоғамның бір бөлшегі ретінде сезінулері үшін орталықта мәдени шаралар жиі ұйымдастырылады. Олардың Петропавлдағы Орталық саябақта қыдырып, Пестрое көлінің жағалауын, тағы басқа көрікті орындарды тамашалап, кейде өнер ордаларына баруларына мүмкіндік жасалады. Мұнда баланың ойын сергітетін, қиялын ұштайтын концерттік бағдарламалар мен түрлі шаралар ұйымдастырылатынын айтқан жөн.

Орталыққа бас сұққан адамның кіреберістегі қолөнер бұйымдарын аңғармауы мүмкін емес. Тәрбиешілер мен балалардың бірігіп жасаған көркем дүниесі көздің жауын алады. Бұл шаралардың барлығы балғындардың өмірге деген құлшынысын арттыратыны сөзсіз.

Орталықта жөндеу жұмыстары жыл сайын жүргізіледі. Жақында “Халық банкінің” қолдауымен монтессори әдістемелік кабинеті ашылған. Үш миллион теңгенің қажетті құралдарымен жабдықталған. Онда түрлі жаттығулар мен ойындар арқылы балалардың ой-өрісін дамытуға мүмкіндік бар.

– Жоғары қабатта балалардың жатын бөлмелері мен кабинеттер орналасқан. Ал төменде акт залы бар. Жеделсатының жоқтығы біршама қиындық туғызатын. Өйткені, сырқаты ауыр балаларды сатымен мінгізіп, түсіру қиын. Бұл мәселе оң шешімін тауып, жақында лифт орнатылмақшы, – дейді Айгүл Ахметова.

Біздің облыста әлеуметтік-медициналық көмек көрсететін тоғыз ұйым бар. Айгүл Ахметова басқарып отырған балаларға әлеуметтік көмек көрсету орталығы былтыр солардың арасында үздік атанып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің Алғыс хатымен марапатталған болатын. Айгүл Қазбекқызы бұл марапатты үздік мамандардың адал еңбегінің нәтижесі деп біледі.

Тағдырдың жазуымен перзенті сырқаттанса, ата-ана үшін одан артық қандай қиындық бар?! Осы сәтте оларға демеу болып, қолдан келген көмегін аямайтын әлеуметтік қызметкердің орны ерекше екені сөзсіз. Сондықтан абзал жандардың еңбегі қашанда жоғары бағаланады.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТАНЫБАЕВ

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp