Балалар, әсіресе, жасы кішкенелері отпен, сіріңке жағып ойнауға құмар болады. Олар оттан өрт шығатынын қаперлеріне алмайды. Сондықтан өртсөндірушілер балаларға отпен ойнаудың қаупін үнемі түсіндіріп, олармен осындай оқиғалардың алдын алуға арналған шараларды жиі өткізулері керек.
Жақында Бескөл ауылындағы Мәдениет үйінде 1-4-сыныптарда оқитын 220 оқушы бас қосты. Олардың назарына өртке қарсы мазмұндағы спектакль ұсынылды. Бұл қойылымды облыстық қуыршақ театрының әртістері көрсетті.
Мультфильм кейіпкерлері қолтырауын Гена, қонжық Чебурашка және мыстан кемпір Шапокляк қатысқан ертегі оқиғалары балаларды баурап алды. Театрдың сахнагерлері балалардың отпен ойнауының қаупін айтып, ескертті.
Спектакльден кейін “Өрт сөндіру қызметі және апаттан құтқару жұмыстары” мемлекеттік мекемесінің 13-ші өрт бөлімінің өртсөндірушілері балаларға құрал-жабдықтарын көрсетті.
Болат ӘБІЛМӘЖІНОВ,
төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімнің аға инспекторы, өртке қарсы қызмет подполковнигі.
Қызылжар ауданы.