Облыс полицейлері “Мал ұрысы” жедел-алдын алу іс-шарасы аясында жұмыстар жүргізуде. Криминалдық полиция мал ұрлығының алдын алу және ұрлықты ашуға бағытталған жұмысты жандандыра түсті.

Операцияның екі күні ішінде бес қылмыс ашылды, оның төртеуі өткен жылдар санатына жатады. Осы фактілер бойынша сегіз адам ұсталды. “Мал ұрысы”, “Мал союшы”, “Ұрланған малды сатып алушы/өткізуші” санаттары бойынша 27 адам криминалдық есепке қойылды.
Атап айтқанда, Мамлют ауданының Бостандық ауылында мал ұрлығын жасаған күдіктілер ұсталды. Былтырғы жылдың тамыз айында белгісіз қаскөйлер екі қорадан жеті қой ұрлаған. Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері аудандық полиция бөліміндегі әріптестерімен бірлесіп жүргізген жедел жұмыстардың аясында Қызылжар ауданының 1996, 1997 жылдары туған екі тұрғыны және 23 жасар петропавлдық ұсталды. Тәртіп сақшылары олардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы барын тексеруде.
– Көп жағдайда бағылмайтын мал ұрланады. Мұндай жағдай қыста да орын алып жатады, – дейді криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Петр Климов. – Малды қараусыз қалдыруға болмайды. Қауіпсіздік шараларының сақталмауына байланысты ұрылар қораларға еш кедергісіз түседі. Сондықтан адамдар сақтық шараларын күшейтіп, аула күзететін ит ұстаулары қажет. Ірі шаруашылықтар дабыл беру құралдарын орнатулары тиіс.
Ұрланған малдың етін сатып алу және өткізу фактілерінің алдын алу үшін полицейлер облыс жолдарында ет өнімдерін тасымалдайтын 123 автомашинаны тексерді. Сондай-ақ, базарлар, дүкендер, мал соятын орындар да бақылауға алынды. Екі күннің ішінде 66 орын тексеріліп, 15 құқық бұзушылық анықталды.