Подъездер мен оның алдында қалдырылған «темір тұлпарлардың» жоғалуына байланысты қазан айында полицияға қала тұрғындарынан велосипед ұрланғаны туралы бірнеше арыз түскен. Аталған фактілер Қылмыстық кодекстің 188-бабы «Ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Петропавл қалалық криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізген жедел іздестіру нәтижесінде 22 және 16 жастағы екі күдікті ұсталды. Екеуіне қатысты міндетті келу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды, олардан әртүрлі маркалы бес велосипед, оның біреуі бөлшектелген күйінде алынды. Күдіктілердің басқа қылмыстарға қатыстылығы бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
– Велосипедтер барлық жағдайда жұқа троспен бекітілген, қаскөйлер оларды оңай ұрлап келген, – дейді Петропавл қалалық полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Жандос Мұхатов. – Велосипедтерді түнде үйге кіргізген жөн. Егер көшеде екі доңғалақты көлікті қалдыруға тура келсе, онда бейнебақылау камералары бар аймаққа қойған дұрыс болады. Үйдің кіреберісіне бейнекамералар орнату да қылмыстың алдын алудың жақсы құралы болып табылады.