«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОНЫСТОЙ ҚУАНЫШЫ

Елімізде ана мен баланы қолдау үшін барлық жағдай жасалуда. Ұрпақ сабақтастығын жалғап, бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен асыл жандарға көрсетіліп отырған құрмет-қошеметтерді естіп қана қоймай, оның тікелей куәгері болған кезде қуанышың еселене түседі.

Жұбайым Қайрат екеуіміз Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығында тұрамыз. Өзім ауылдағы ветеринарлық станцияда жұмыс істеймін. Тәрбиелеп отырған екі баламыз бар. Құдай қаласа, жақында отбасымызға тағы бір жан қосылмақ.

Балалы-шағалы адам болған соң баспана мәселесі оң шешілсе екен деп үміттенгенбіз. Жақында бұл тілегіміз де орындалып, үш бөлмелі пәтердің кілтіне ие болдық. Ауылда салынған елу пәтерлі тұрғын үй “2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы бойынша салынып отыр. Бізбен бірге Адина Баймолдина, Светлана Матушкова есімді көпбалалы аналар да қоныстой қуанышына бөленді. Мемлекетімізде жүйелі түрде жүзеге асып жатқан бағдарламалардың игілігін көргенімізге ризамыз. Мұндай шаралар отбасы институтын нығайтып, ертеңгі күнге деген сенімді шыңдай түсері анық.

Айта кету керек, баспанаға қол жеткізу үшін көп уақыт тосқан жоқпыз, дер кезінде қажетті құжаттарды жинап, тиісті мекемеге өткіздік. Сөйтіп, арада бірер ай өткенде сүйінші хабар естідік. Енді, міне, балалар базарына айналған өз үйіміз бар, арманымыз, тілегіміз орындалды. Тыныштық бесігінде тербелген егемен елімізде алаңсыз өмір сүріп, ұрпақ жалғастырып, осындай қуаныштарға кенеліп жүргеніміздің өзін бір бақыт санаймын.

Әсел БАЙМОЛДИНОВА.

Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp