Соңғы жылдары елімізде заманауи мемлекеттік аппаратты қалыптастыру мәселесіне басымдық берілуде. Кәсіби мемлекеттік аппаратты жетілдіру жағдайында мемлекеттік қызметтің имиджіне теріс әсер ететін дәстүрлерден құтылудың бір жолы – шенеуніктерге әріптестерінен және өзге адамдардан сыйлықтар қабылдауға тыйым салу. Бұл шектеулер мемлекеттік қызметшінің отбасы мүшелеріне де қолданылады. Заңсыз алынған сый-сияпат “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы” және “Қазақстанның мемлекеттік қызметі туралы” заңдарға сәйкес 7 күннің ішінде арнайы мемлекеттік қорға тапсырылуы тиіс. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметші заңсыз пайдаланған қызметтердің құнын қайтаруға міндетті. Облыстық кірістер департаментінің бас маманы Оксана Шаймарданованың айтуынша, соңғы жылдары облыстағы мемлекеттік қызметшілер сыйлықтарды мемлекеттік қорға өткізуде белсенділік танытуда.
– Сыйлықты қорға тапсыруға ниет білдірген мемлекеттік қызметші облыстық кірістер департаментіне келіп, арыз жазуы керек. Ал арнайы комиссия өкілдері оны мемлекеттік қорға өткізу, сақтау немесе жою бойынша шешім шығарады. 2018 жылы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша лауазымды тұлғалар арнайы мемлекеттік қорға 339 сыйлық тапсырды. Тәуелсіз бағалаушылар олардың жалпы құнын 102 мың теңге деп бағалады. Ал үстіміздегі жылдың 8 айында қорға 2800 теңгені құрайтын тек 1 сыйлық өткізілді, – дейді департамент өкілі. Шенеунік өзіне берілген және қатты ұнаған сыйлықты қайтарып ала алады. Ондай жағдайда басшыларының келiсiмiмен мемелекеттік қызметші өзі тұрып жатқан өңірдегі нарықта белгіленген бөлшек сауда бағасы бойынша сыйлықты сатып алуы керек. Ал тапсырған адам сыйлықты сатып алудан жазбаша бас тартқаннан кейін ол www.gosreestr.kz сайты арқылы аукционға шығарылады. Сатылымнан түскен қаражат мемлекет меншігіне өтеді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp