
Елімізде төтенше жағдай режімі аяқталғанымен, қуануға әлі ерте. Карантиндік шаралар жеңілдетілсе де, бірқатар шектеулердің сақталуы індет қаупі толық жойылмағанын, тіпті, екінші толқынға ұласып кетуі ықтималдығы жоғары екенін байқатса керек. Сарапшылар мұндай жағдайда оның соңы ұзаққа созылатын экономикалық дағдарысқа соқтыру мүмкіндігін жасырмайды. Қазірдің өзінде әлемде 400 миллионнан астам кәсіпорынның банкрот болудың алдында тұрғаны, еңбекке жарамды халықтың жартысынан астамының табысы азайғаны шынында да алаңдатарлық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында ішкі, сыртқы ахуалға нақты талдау жасалып, тығырықтан қиналмай шығудың жолдары ұсынылды. Президент өз сөзінде “Жаңа ахуал жағдайында жұмыспен қамтамасыз ету және экономикалық тиімділікті арттыру үшін ресурстарды қалай жұмсау керектігін білеміз”, – дей келіп, дағдарыс кезіндегі және одан кейінгі дамудың басымдықтарына кеңінен тоқталды. Оның ішінде агросекторды қолдау ісіне айрықша мән берілді.
Агроөнеркәсіп экономиканың қозғаушы күші, бәсекеге қабілеттілікпен қатар орасан қаржылық инвестицияны талап ететін күрделі сала екені ешқандай талас тудырмайды. Бұл бағытта біздің жинақтаған іс-тәжірибеміз мол. Шаруашылық жоғары өнімді техникалармен толыққан, озық әдіс-тәсілдер кеңінен қолданылады. Сандық технологиялар енгізіле бастады. Серіктестік құрылған кезде егістік көлемі 10255 гектар болса, бүгінде ауыл шаруашылығына жарамды жер 34548 гектарды, дәнді және майлы дақылдар 24000 гектарды құрайды. Осы жылдар аралығында астықтың гектар берекелігі 7,5 центнерден 22-25 центнерге дейін артты. 2012 жылдан бастап мал шаруашылығы өркен жая бастады. Мұхиттың арғы жағынан абердин-ангус тұқымды ірі қара әкелінді. 600 бас сауын сиырға арналған сүт фермасына заманауи құрылғылар орнатылды. Асылтұқымды мал өсіретін, элиталы тұқым дайындайтын мәртебеге иеміз. Аз қамтылған, көпбалалы отбасылар, зейнеткерлер әлеуметтік қамқорлыққа алынған. Мектептердің ағымдық, күрделі жөндеу жұмыстары серіктестік есебінен атқарылады. Оқушылардың тегін тамақтануына, мәдени-спорттық шараларға демеушілік көмек көрсетіледі.
Жеткен жетістіктерді мақтан үшін айтып отырған жоқпын. Экономиканың тұтас салалары тоқырауға ұшыраған кезеңде іске сын көзбен қарау, қол жеткенге тоқмейілсімеу, ішкі резервтерді толық пайдалана білу, ең бастысы, адамдардың тұрмыс-тіршілігін жақсартып, өмір сүру сапасын арттыру басты ұстаным болып қала береді. Меңгесер және Бексейіт елді мекендері бойынша екі жүзден астам тұрғын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Олар қоғамдық пайдалы еңбекпен қатар қосалқы шаруашылықтармен де айналысады. Шама-шарқымызша көмектескенімізбен, бәрінің сұранысын қанағаттандыру қиын. Қазақстанда 1,7 миллиондай жеке қосалқы шаруашылық шоғырланса, малдың 70-80 пайызы солардың қолында. Жасыратыны жоқ, ірі агроқұрылымдар өнімдерін өткізіп, сатуда бірталай кедергілерге кездессе, шағындарынікі тіпті дабыл қағарлық. Жеңілдікті субсидия алу, тағы басқа артықшылықтар жасалмағандықтан, дамып кете алмады. Өздерін санда бар, санатта жоқтай сезінеді. Демалыс күндері қалалардың жайма базарларында сатылатын ет, сүт, құрт, ірімшік, қаймақ сияқты экологиялық таза өнімдер мен тағамдар маңдай терлерін ақтауға да жетпейді. Бала-шағаның нәпақасын айырғанға шүкіршілік етеді. Жалға алған орын, барып-келу жол шығыны өз алдына. Барға қанағат, жоққа салауат айтып үйренген ауылдықтардың көсегесін кооперативтер де көгерте қойған жоқ. Оны Президент өз сөзінде айрықша атап өтті. “Олардың өнімдері сауда объектілері арқылы ресми сатылмайды және қайта өңдеу кәсіпорындарына түспейді. Мемлекет олардан салық алмайды, мұндай шаруашылықтарда жұмыс істейтіндер әлеуметтік жағынан қорғалмаған. Осы ретте Үкіметке “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, ауылдағы кооперациялық желіні дамыту үшін “Егіс алқабынан – дүкен сөресіне дейін” атты қанатқақты жобаны бірнеше өңірде бастауды тапсырамын”, – деді. Демек, келешекте бұл жүйенің ауқымы кеңейіп, толыққанды бағдарламаға айналады, барлық аймақты қамтиды деген сөз. Осы бағдарламаны жүзеге асыру барысында “Қаз-Агро” холдингі арқылы жылдық мөлшерлемесі 6 пайызға тең жеңілдетілген шағын несие беріледі. Ең бастысы, тұрақты сатып алу және сату жүйесі қалпына келтірілсе, 2 миллионға жуық ауыл тұрғынының табысын молайтуға, отандық ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жүктемесін 53 пайыздан 70 пайызға дейін арттыруға жол ашылары сөзсіз.
Президенттің форвардтық сатып алуларға қоса оффтейккелісімшарттарды енгізу және “Қаз-Агро” несиелері бойынша берешекті қайта құрылымдау жолымен қаржыландыру тетіктерінің жаңаша жолын ұсынуы әбден құптарлық. Ұзақ мерзімге жасалатын келісімшарттар тетігі негізінде өнім беруші өзі өндірген тауарларын жеткізуге, ал тапсырыс беруші жеткізілген тауарды сатып алуға және төлеуге міндеттенеді. Бұрындары екіжақты меморандумдарға қол қойылғанымен, заңдық күші жоқ болғандықтан, аяқсыз қалып жататын. Енді мұндай олқылықтарға жол берілмейді. Агросектордағы бұл жаңашылдық салаға үлкен қозғау салары анық. Тағы бір айтпағым, бос жатқан жерлер қосалқы шаруашылықпен айналысатын отбасыларға жалға тегін берілсе, салықтан босатылса, мемлекетке орасан пайда әкелер еді.
Еркебұлан МӘМБЕТОВ,
“Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігінің бас директоры.
Мамлют ауданы.