«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОСЫМША КІРІСТЕР – ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУҒА

Кеше бесінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың ХХХVІ сессиясында облыс бюджетіне, облыс әкімдігі жанындағы жекелеген кеңес пен комиссиялардың дербес құрамдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, қалалар мен елді мекендерді абаттандыру, жасыл желектерді ұстау және қорғау қағидалары, темір жол көлігі саласындағы әлеуметтік мәні бар қатынастар тізбесін бекіту туралы мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Кезекті сессия жұмысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров, аудандық мәслихаттардың хатшылары, ведомстволар мен ұйымдардың басшылары қатысты.

Сессия төрағасы Сейілбек Махметов Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің жаңа бастығы, генерал-майор Асқар Ақшаевты таныстырды.

“2015-2017 жылдарға арналған Солтүстік Қазақстан облысының бюджеті туралы” облыстық мәслихаттың 2014 жылғы 12 желтоқсандағы №1/1 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы облыстық қаржы басқармасының басшысы Ескен Әкімжанов баяндады. Оның айтуынша, 2015 жылдың бюджетін нақтылау көздерін қосымша кірістер мен бұрын бекітілген қаржыландыруды қайта бөлу құрайды. Сонымен 747 763,4 мың теңге көлеміндегі қосымша кірістер облыстың әлеуметтік-экономикалық салаларын дамытуға жұмсалады.

Аталмыш мәселе облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында жан-жақты талқыланғандықтан, депутаттар оны бірауыздан мақұлдады.

“Солтүстік Қазақстан облысында 2015-2017 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар жоспары” да депутаттар тарапынан қолдау тапты.

Сессияда облыс аумағындағы “Петропавл-Есілкөл”, “Петропавл-Макушино” пойыздары бағыты темір жол көлігі саласындағы әлеуметтік маңызы бар қатынастар тізбесіне енгізілді.

Халық қалаулылары облыс әкімдігі жанындағы жекелеген кеңес пен комиссиялардың дербес құрамдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешім қабылдады.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”                

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp