Өңірімізге есімі елімізге белгілі атыраулық ақын, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері Светқали Нұржан мен халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің гран-при иегері Ербол Алшынбай келіп, «Қызылжар» телеарнасында руханият, тіл жанашырларымен, Ерік Асқаров атындағы ақындар мектебінің шәкірттерімен кездесу өткізді.
Әдебиетсүйер қауымға ел, жер, Отан тақырыбындағы жырларымен танылған қос ақын қоғамдық жұмыстарда да белсенділдік танытып келеді. Олар облысымызға Қызылжар жұртшылығын қазақыландыру, «Оңтүстіктен – Солтүстікке» бағдарламасының орындалуы туралы арнайы ұсыныстар айта келіпті. «Осыдан тура он жыл бұрын алғаш рет осынау көсегесі көгерген жерге табаным тиген еді. Сол кезде Мағжанның кіндік қаны тамған жер қатты тебіренткен. Алаш арысының өмір бойғы арманы да ұлтының керегесінің кең болуы ғой. Ол үшін осынау байтақ даланы сақтау керек. Оған әрқайсыларыңыз жауаптысыздар», деді Светқали ақын.
Ол қазіргі қазақ әдебиеті, ұлттық намыс туралы келелі сөз қозғаса, Ербол Алшынбай жиналғандарға «Алаш» атты өлеңін оқып берді. Кездесуде облыстық «Солтүстік Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары Нұргүл Оқашева сөз алып, әңгіменің өзегі болып отырған көше атаулары, қазақтың үні туралы тақырыптар өңір баспасөзі қарашаңырағының негізгі міндеті екенін айтты. Жергілікті жас талапкерлер де сөз алып, Қызылжардағы әдеби орта тақырыбында әңгіме өрбітті.