
Қызылжар ауданының Преснов ауылдық кітапханасында “Бір ел – бір кітап” республикалық акциясы шеңберінде ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби мен қазақтың бас ақыны Абайдың мерейтойларына орай онлайн шара өткізілді. Осы жолы кітапхана ұжымы өз оқырмандарына белгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің “Абай жолы” роман-эпопеясы мен Әнуар Әлімжановтың “Ұстаздың оралуы” шығармасын ұсынып отыр.
Кітапханашы Сәуле Жақыпованың айтуынша, ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамын, ұлы ақын Абайдың өмірін суреттейтін роман-эпопея оқырмандардың сүйіп оқитын шығармаларының біріне айналған. Преснов ауылының тұрғындары да кітапханашының әлеуметтік желі арқылы аталмыш туынды жайында әңгімелеген бейнежазбасынан соң “Абай жолын” кезекпен оқи бастапты.
Ал Әнуар Әлімжановтың шығыс ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби жайында жазған кітабы аз тиражбен басылып шыққанымен, бір данасы ауылдық кітапханаға жеткізілген. 1930 жылы дүниеге келген қаламгер философтың өмірін, шығармашылығын зерттеуге бірнеше жылын арнаған. “Ұстаздың оралуы” кітабы әл-Фарабидің философиялық ой-тұжырымдарымен қатар оның өмірге, қоғам дамуына деген көзқарасын жан-жақты зерттеуге бағытталған.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
Сурет: https://www.meloman.kz/