Саналы өмірін “Солтүстік Қазақстан” газеті редакциясының ұжымымен бірге өткізіп, еңбегімен еленген ардақты жандардың бірі – Бақытжан Сәдуова. Оның сабырлы мінезі, еңбексүйгіштігі, кеңпейілділігі кімге де үлгі-өнеге болары айдан анық.
Аса көп сөйлей бермейтін, бірақ тұйық мінезді деп те айтуға келмейтін Бақытжан тәтеміз қасиетті қарашаңырақта сүттей ұйыған ұйымшыл ұжыммен бірге 22 жыл еңбек етті.
“Жақсы адам – елдің көркі, жауқазын гүл – жердің көркі” дегендей, үлкеннің алдын қия баспай, жаңа түскен келіндей именіп тұратын жомарт мінезі Бақыт тәтеміздің жан сұлулығының бір белгісі іспеттес. Алысты жақын етіп, жатты сүйсіндіре білетін де оның осы бір тамаша, қазақы, көркем мінезі.
Қазір біз кең, жарық, жылы бөлмеде отырып жұмыс істейміз. Және бізге бұрын да осылай болған сияқты болып көрінеді. Алайда, олай емес. Жасы үлкен әріптестердің әңгімесіне сүйенер болсақ, бұрынғы кезде газеттің шығуы әлдеқайда қиын болған. Қызметкерлер күн демей, түн демей баспаханада қона жатып жұмыс істеген. Сондай қиын кездерді көзімен көргендердің арасында Бақытжан тәтеміздің де болғанын біреулер білсе, біреулер білмес. Ол баспаханада 17 жыл еңбек еткен. Линотип деп аталатын әріп теретін қондырғылармен жұмыс істеуді ден қоя отырып, үйреніп алған. Өзі күрделі, жиі сына беретін жабдық былай қарасаң кәдімгі мәтін басу машинкасына ұқсайды екен. Бірақ онда басылған мәтіннің әр жолы қорғасыннан құйылып шығады. Осы жұмысты меңгеріп алған адам саусақпен санарлықтай ғана болған. Денсаулыққа зиянды болғасын жастар жағы бұл жұмысқа бара бермейді екен. Ал Бақытжан тәтеміз болса, қиындықтан қорықпай, өзіне жүктелген жұмысты қолынан келгенше абыроймен атқаруға тырысып баққан. Көп ұзамай ұжымның ілтипатына бөленіп, жұмыста жауапкершілік таныта білген еңбеккерге үш бөлмелі жаңа пәтердің кілті табыс етіледі. Міне, еңбектің еленгені деп осыны айтса болмай ма?!.
Редакцияға жұмысқа келген кезінде қыз-келіншектер арасынан Бақыт тәтеміз байсалды мінезімен ғана емес, білектей өрілген бұрымымен де ерекшелене білген. Содан бері де өткен уақыт аз емес. Жүректерге жылылықпен жол тауып, жақсылықтың дәнін сепкен балауса қыз редакцияда жұмыс істеп жүріп, тұрмыс құрған. Қазір ол отбасын мейірім шуағына бөлеп, асыл жар, аяулы ана, қамқор әже болып отыр. Отағасы Амангелді Бәстәмиұлы екеуі Қайрат, Жанат, Әсел есімді ұл мен қыз өсіріп, үлгілі отбасылардың біріне айналды. Ата-анасын құрметке бөлеп, оларға әрдайым төрден орын ұсынған балаларының барлығы бүгінде қанаттанған, үйлі-баранды. Қоғам өміріне белсене араласып, ел қатарлы еңбек етіп жүрген азаматтар.
Қызмет деген бір белестен өтіп, құрметті демалыс кезеңіне де аман-есен жеткен мәуелі бәйтеректей Бақытжан тәтей балаларын байлығына теңеп, оларды әрдайым ана жүрегінің жылылығына бөлеп отырады. Тіршілік көзіне айналған ұрпағынан асыл ананың күтетін үміті де, оларға артар сенімі де зор.
Ептілігімен еңбекте шыңдалып, бақытты жандардың біріне айналған Бақытжан тәтеміздің салмақты мінезіне тәнті болған құрбыларының бірі – Айтбибі Қарменова:
– Мен Бақытжанның өкшесін басып келе жатқан замандастарының бірімін. Арамыз екі жас қана. Жұмысқа орналасқан жылы Бақытжан маған техниканың қыр-сырын үйретіп, білмегенімді көрсетіп отыратын. Ол – өзі еңбек еткенде ерінбейтін адам. Көмек қажет болса, аянбайды. Және уақытпен санасу дегенді білмейді. Маған құрбымның бойындағы осындай бір ерекше мінезі ұнайды, – дейді Айтбибі Ержікейқызы.
Сыйлас, сырлас құрбысымен бірге өткізген талай қызықты күндерін еске алған Айтбибі тәтеміз әңгіме арасында мына бір қызықты оқиғаны еске алды:
– Балаларым мектепте оқып жүргенде ғылыми жоба жазып, түрлі сайыстарға қатысатын. Сондай бір байқауға дайындалып жүрген кезде бірнеше бет мәтінді машинкамен тез арада теріп, жазу керек болды. Балама көмектесейін десем, менің уақытым жоқ. Сөйтіп, көп ойланбай Бақытжанға телефон шалдым. Құрбым ол кезде кезекті еңбек демалысында жүрген. Өтінішімді тыңдап болған соң: “Қазір келем, уайымдама, көмектесем”, – деді де әп-сәтте редакцияға келді. Мен қуанғаннан алдымда үйіліп-төгіліп жатқан мақалаларды тез арада қалай түзетіп тастағанымды өзім де байқамай қалдым. Міне, бұл әңгіменің желісінен де Бақыт тәтеміздің елгезектігін, ақкөңілдігін, досқа деген адалдығын көруге болады.
Бақытжан тәтеміз, міне, осындай бауырмал, қайырымды, таза жүректі, терең ойлы адам.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.