Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында бірқатар мәселелер қаралды. Соның бірі – Ақжар ауданының Кішіқараой ауылдық округінің әкімі Ботагөз Сабироваға қатысты тәртіптік іс. Белгілі болғандай, ол жергілікті әкімдік қабырғасында сауда-саттық жүргізген пошташының ісіне көз жұма қараған. Осы салғырттығы үшін оған «қызметке сәйкес еместігі туралы ескерту» түрінде тәртіптік жаза қолдану ұсынылды.
Сондай-ақ Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Ломоносов ауылдық округінің әкімі Вячеслав Барсуковқа да қатысты тәртіптік іс қаралды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің өкілі Дархан Ермеков баяндағандай, әкім 31-ші мамырда түнгі сағат 12-лер шамасында Петропавл қаласындағы ойын- сауық орталығының алдында мас күйінде тәртіп сақшыларының қолына түскен.
Вячеслав Барсуковқа қатысты тәртіптік іс бірінші рет қаралып отырған жоқ. Ол бұған дейін екі рет мемлекеттік қызметшінің атына кір келтіретін қылыққа барған еді. Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері оған бұл жолы «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan»