2016-2017 оқу жылында облысқа “Серпін – 2050” бағдарламасымен келген 1015 баланың 358-і – жеті колледжде, 619-ы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де мамандық алып жатыр. Колледждерде оқитындардың 5-еуі – жетім бала, 141-і – көпбалалы отбасынан, 61-і – толық емес отбасынан. «Серпін – 2050» бағдарламасы бойынша оқып жатқандар арасында оңтүстіктен қоныс аударған отбасылардың балалары жоқ. Осы студенттердің ата-аналарымен және қамқоршыларымен телефон арқылы тұрақты байланыс жасалады.
Колледждерде, сол сияқты М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де сәйкесінше, әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасалған жатақхана бар. Барлық жатақханаларда құқықтық тәртіпті сақтау үшін бейнебақылау орнатылған, сағат 18.00-ден 22.00-ге дейін оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлері кезекшілік атқарады. Кезекшілік кезінде студенттермен әңгімелесу жүргізіледі, зияткерлік, спорттық, танымдық шаралар ұйымдастырылады.
Аталмыш бағдарлама бойынша түскен бірінші курс студенттері үшін колледждердің психологтері оқу топтарында ұйымшылдықты, оң психологиялық жағдайды қалыптастыруға бағытталған тренингтік сабақтар өткізеді, туындаған проблемалар дер кезінде анықталып, оларға психологиялық көмек көрсетіледі.
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де студенттердің бос уақытын ұйымдастыруға арналған студенттердің ғылыми қоғамы, «Сұңқар» спорт клубы жұмыс істейді, оның құрамында үш студент театры, «Антурнан» хореграфиялық ансамблі, бірлестіктер мен қызығушылықтар бойынша клубтар бар.
Облыстың алты колледжінде 32 үйірме, оның ішінде би, техникалық шығармашылық, көркемөнерпаздар үйірмелері, футболдан, қазақша күрестен, бокстан, волейболдан барлығы 39 спорт секциясы жұмыс істейді. Оларға 311 студент қатысады.
«Серпін – 2050» бағдарламасы бойынша оқитын студенттер барлық қоғамдық маңызы бар қалалық және облыстық спорттық, мәдени-бұқаралық шараларға белсене қатысады.
Нұрсайын ШӘРІП,
журналист.