«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОҒАМНЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ БАСТЫ НАЗАРДА

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында біздің еліміз бейбітшілік пен келісім орнаған, этносаралық және ұлтаралық жанжалдар, әсіресе, экстремизм мен лаңкестік жиі орын алмаған әлемдегі мемлекеттердің біріне айналды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты Жолдауында басқа да өзекті міндеттермен қатар, еліміздің діни саласында орын алып отырған мәселені басым бағыттардың бірі ретінде атап, қазіргі күні әлемді алаңдатып отырған діни экстремизм мен лаңкестіктің алдын алуды тағы да көтерді. Осыған орай, Елбасының тапсырмасы бойынша 2017-2020 жылдарға арналған Діни экстремизм мен лаңкестікке қарсы әрекет жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны әзірлеп жатқандығы біздің мемлекеттің және қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жолы болатындығының айқын көрінісі.

Қазіргі күнде діни экстремизм – әлемдік деңгейдегі ең өзекті мәселелердің біріне айналған. Экстремистер мен лаңкестердің дінді жамылып, әлемде өшпенділіктің, төзбеушіліктің отынын тұтататыны және зорлық-зомбылықты мадақтайтыны жалпыға мәлім. Қандай да бір дін өкілдері жасайтын лаңкестік актілердің астарында көбінесе дінді қорғау емес, үстемдік орнатып, билеп-төстеуге ұмтылушылық жатыр.

Алайда, лаңкестік елдердің өмір сүру деңгейіне, діндеріне тәуелді емес. Бүгінде жарылыстар дамыған және әлеуеті төмен елдерде де орын алуда. Іс жүзінде бірде-бір мемлекет бұл кеселден ада емес. Араб елдері, Азия, Африка құрлықтары, Ресей, АҚШ, Англия, Франция, Испания, Норвегия – барлық елдер әрқилы деңгейде лаңкестікпен бетпе-бет кездесіп, зор шығынға ұшырады. Қазақстан да бұл үрдістен шет қалмады. 2016 жылы елімізде орын алған қайғылы оқиғалар мұның айқын дәлелі. Ақтөбе және Алматы қалаларында болған лаңкестік актілерден кейін Президент жанындағы Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Елбасымыз экстремизм мен лаңкестікке қарсы іс-қимыл әлеуетін күшейту туралы тапсырмалар берген болатын. Ақтөбедегі қанды акцияны ұйымдастырғандардың арсыздығы мен қатыгездігі таңғалдырады. Әдетте лаңкестердің аяушылығы да, адамгершілігі де, қандай да бір адами мораль нормалары да жоқ. Күнәсіз адамдарды нысана етіп, еш аяушылықсыз балаларды жер жастандырады, оларды ата-анасынан айырып, жетімдіктің қамытын кигізеді.

Өкінішке қарай, бүгінгі күні бұқаралық сана қазіргі лаңкестік көріністерін ислам дінімен астастырады. Оған тән қасиеттер – төзбеушілік, жаугершілік пен бостандықты мойындамауды исламға телиді. Ислам фундаментализмі, яғни салафизм идеологиясы діни радикализмнің пайда болуына қатты ықпал етуде. Бұл жат идеологияны жақтаушылардың көзқарастары мен ұстанымдары зайырлы қоғамда емін-еркін өмір сүретін дәстүрлі исламмен сәйкес келмейді. Сондықтан фундаменталистер ханафи мазхабындағы дәстүрлі дінді ұстанушыларға ғасырлар бойы қалыптасқан күнделікті салт-дәстүрден безіп, олардың айдауында өмір сүруді талап етуде. Дінге сенушілердің сезімін ептілікпен пайдаланып, наразылықтың кез келген түрін, діни негізде орын алатын қақтығыстарды мемлекеттердегі саяси ахуалды тұрақсыздандыру үшін қолданады.

Қоғамның өзекті мәселесін назарда ұстаған Мемлекет басшысы жылдың басты құжатында бұл бағытта атқарылуы тиіс іс-шараларға да тоқталып өткен болатын. “…Діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе, интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу жұмысын жүргізу керек. Қоғамда, әсіресе, діни қарым-қатынас саласындағы радикалды көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке “мүлде төзбеушілікті” қалыптастыру керек”, – деп атап көрсетті. Осыған орай, Мемлекет басшысының кезекті Жолдауында айтылған экстремизм мен лаңкестіктің алдын алуға қатысты түйткілді мәселелерді, жоғарыда айтып өткен 2016 жылғы Қауіпсіздік кеңесінің отырысында берілген тапсырмалардың қорытындысы деп бағалаймыз. Ол тапсырмалар біртіндеп іске асырылуда. Соның нәтиже-сінде өткен жылдың аяғында “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заң қабылданды. Бұл заң бойынша лаңкестік және экстремизмге қарсы іс-қимыл шараларын күшейту және осы салада дін істері басқармалары мен мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігі мен үйлесімділігін арттыру көзделіп отыр. Елбасымыз берген тапсырмалардың бәрі сол заңға кіргізілген. Биылғы Жолдауда айтылған міндеттер заң күшіне енген кезден-ақ іске асырылып жатыр.

Қазіргі әлемдегі жаһандану үдерісіндегі толассыз ақпараттардың қолжетімділігі жастардың бойында оларды електен өткізе білуді және теріс пиғылды идеологияларға қарсы тұра алатын иммунитетті қалыптастыруды қажет етеді. Өйткені, жат пиғылды ағымдардың ықпалына түскен адамдардың мұндай әрекеттерге баруының басты себебі, олардың дін саласында сауаттылығының төмендігінен туындап отыр. Қазіргі таңда интернеттің қолжетімділігін жат пиғылды діни ағымдар мен ұйымдар өз идеяларын таратуға және қатарларын көбейтуге кеңінен пайдалануда.

Бүгінде экстремистер қашанда сабырлылық, төзімділік және басқа мәдениеттермен жағымды өзара іс-қимылға қабілеттілік тән болған исламды радикалдандыруға, барша әлемге қарсы қоюға тырысуда. Сөйтіп, конфессияаралық бейбітшілік пен келісімді ғана емес, ислам әлемінің ішкі бірлігін де бұзуда. Барлық діннің жоғары гуманистік және адамгершілік құндылықтары мен идеялары бар, олар заңға бағынушылықты, ынтымақшылдықты, төзімділік пен сабырлылықты уағыздайды. Дінге экстремизм мен лаңкестіктің қандай да болмасын түрі жат.

Лаңкестік пен дін – түпкілікті қарама-қарсы және бір-бірін жоққа шығаратын құбылыстар. Халықаралық лаңкестік пен экстремизм дінге, ең алдымен, исламға оны өз мақсаттарына жету үшін идеологиялық қалқан ретінде пайдалануымен зор нұқсан келтіруде. Тәжірибе көрсеткендей, лаңкестер, тіпті, Құран негізін білмейді. Зорлық-зомбылықтың барлық түрлері ислам іліміне түпкілікті қарама-қайшы. Хақ дін, соның ішінде, ислам адамға, азаматқа имани тәрбие береді, патриотизм сезімін нығайтады әрі адамды түрлі пішіндегі басқыншылықты айтпағанда теріс қылық жасаудан сақтайды.

Шын мәнінде, бүгінде дін қазақстандық қоғамда өзінің конструктивтік рөлін атқаруы тиіс. Ол қақтығыстар қатерінен құтылуға жәрдемдесіп, оны біріктіруі керек. Міне, биылғы Жолдауда діни экстремизмнің алдын алу және ғаламтор мен әлеуметтік желілерде олардың жолына нақты тосқауыл қою мәселесі осы жағдайларды терең ой елегінен өткізуден туындағаны сөзсіз.

Мұратбек ЗЕЙНУЛЛИН,

облыстық дін істері басқармасының басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp