Петропавлдағы жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернатта тәрбиеленіп жатқан 108 баланы қалалық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің және “Нұр Отан” партиясы қалалық филиалының мамандары арнайы келіп, құттықтады. Олар ұйымдастырған салтанатты іс-шараға ұстаздар, тәрбиешілер мен балалар қатысты.
– Балалар – егемен еліміздің ертеңі. Олардың тәрбиелі, білімді болып жетіліп, қалыптасуы үшін тәрбиешілер мен ұстаздардың сіңіріп отырған еңбегі зор, – деген қалалық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы, подполковник Амангелді Дүйсекин қалалық әскери комиссариаттың атынан гитараны сыйға тартты.
“Нұр Отан” партиясының өкілі Мирас Назаров “Бақытты отбасы” акциясы аясында ұйымдастырылған шараға белсенді қатысқан мектеп-интернаттың бірқатар ұстаздарына алғыс хат табыс етті.
Аталмыш мектеп-интернаттың директоры Ризабек Кәкпенов қамкөңіл жандарды қуанышқа кенелткен азаматтарға алғысын жеткізді.
Шара соңында қалалық әскери комиссариаттың өнерпаздары мерекелік концерт ұйымдастырып, тұғырлы Тәуелсіздік үшін бастарын бәйгеге тіккен қазақтың батыр ұл-қыздары жайында қойылымдар көрсетілді.
Татьяна СЕРГЕЕВА,
педагог-ұйымдастырушы.
Петропавл қаласы.