Есімі еліміздің ғылыми қауымдастығына, соның ішінде экономика саласының оқығандарына жақсы таныс экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы академиясының толық мүшесі, жерлесіміз Қуаныш Қабиденұлы Әбуов жетпіс жасқа толып отыр. Ғылымның осы саласы бойынша таным-тәлімі зор, Қазақстандағы аграрлық экономикада айтарлықтай зерттеулерге қол жеткізген ағамызбен ғаламтор арқылы тілдесіп, өмір жолы мен ғылыми ізденістеріне қаныққан едім.
– Қуаныш аға, “Еңбектеп ендім өмірге” деп дауылпаз ақын Қасым Аманжолов айтқандай, өткенге сәл бұрылыс жасап көрсеңіз.
– Менің дүние есігін ашқан кезімді бүгінгі жетпіс жасыма қарап-ақ айыруға болады. Соғыстан кейінгі жылдың түлегімін. Туған жерім – Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Жұмысшы ауылы. Отбасында сегіз ағайындымыз. Көпбалалы шаңырақтың баласы соған орай көпшіл болмай ма? Жақсыны да, жатты да жатырқатпай, ізгілікке, бауырмалдыққа баулып өсірді бізді. Бастауыш мектепке бес жасымнан барыппын. Алдымдағы ағаларымнан қалғым келмегені ғой. Мұғалімдер де осыны сезіп, бетімді қайтармапты. Әйтеуір, өзімнен екі-үш жас ересек балалардан қалыспай оқып, жақсы білім алдым. Ауыл баласының шаруадан қолы босамайтыны шындық. Оның үстіне соғыстан кейінгі ұрымтал тұс, шаруашылықтардың қатты күйзелген, көтерем мал сынды жүдеу кезі ғой. Сондықтан он жасымда оқи жүріп, өгіз баққанымды ұмытпаймын. Сөйте жүре, оқуға зерек, алғыр едім. Тегі, болашақ өмір жолымның нұры сол шақтан жарқырай бастаса керек.
– Өмір жолы демекші, ғылымға ден қойып, оның ішінде қоғамға пайдасы мол экономиканы таңдауыңыздың қандай сыры бар?
– Мектепке бес жасымнан барғандықтан, уақыттан озып, көрші Лавровкадағы орта мектепті әдеттегіден ерте тамамдадым. Одан соңғы таңдауым Целиноград ауыл шаруашылығы институты еді. Оның ішінде ауыл шаруашылығын механикаландыру мамандығын қаладым да, он алты жасымда, 1962 жылы оқуға түсіп, бес жыл ұстаздардан дәріс алдым. Осы тұста, айта кетейін, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласын зерттеген ғалымдардың әуелі өндірісті түбегейлі танып-білетінін аңғардым да, қолға диплом тиісімен 1967 жылдан “Лавров” кеңшарында, одан кейін “Сырымбет” шаруашылығында бас инженер болып тер төгуіме тура келді.
– Сол кездері білімді өндіріспен ұштастырудың амалдарын іздестіріп көрдіңіз бе?
– Әрине, ондай ойымның болғаны рас. Бірақ мұны ғылыми жаңалық, яки ізденіс деуге келе қоймас. Алайда, ауыл шаруашылығында қолданылатын кейбір техникалардың тетіктерін жергілікті жағдайларға орайластырып жасауға талпынғаным рас. Мысалы, бөлшектерді жөндеу шеберханасын қайта жаңғыртып, трактор жөндеудің табанды (пяточный) әдісін ұйымдастыруды қолға алдым. Бұл жаңалық шаруашылыққа пайдалы болып, өндірістің тиімділігін арттыруға септігін тигізді.
Түпкілікті мақсатым ғылыми ізденіс екенін өндіріс барысында зерделей түскен соң білімімді жетілдіруім керек еді. Сондықтан 1971 жылы өзім тамамдаған Целиноград институтының аспирантурасына алындым. Араға үш жыл салып, алғашқы мақсатыма қол жеткізгенім сол – экономика ғылымдарының кандидатының атағын алып берген ғылыми диссертациямды ойдағыдай қорғадым.
Осыдан соң ғылыми кеңестің ұйғарымымен аталған институтта оқытушылық қызмет ұсынылды. Бес жыл бойы ректордың сырттай оқыту бөлімі бойынша орынбасары қызметін атқарған кездерім шынығу, білім ұштау кезеңі болды десем, жалған емес.
– Сіздің ғылыми жолыңызға көз жүгірте отырғанымда институттың экономика факультетіне басшылық жасағаныңызды байқадым. Дербес қызметтің қиындығы да болады ғой. Оны қалай жеңдіңіз?
– Өте орынды сауал бұл. Мен институттың осы буынына тоғыз жыл басшылық еттім. Мені ректорат факультет басқаруға арнайы жолдады. Анығын айтқанда, бұл жауапкершілігі үлкен тапсырма еді. Себебі, сол кез – факультеттің жұмысында ауызбіршіліктің, ортақ іске ұжым болып ұмтылыстың кенеуі кетіп, берекесі қашқан тұсы. Алдымен осы кеселмен күресуге, қызметкерлердің ынтымақтастығын қалыптастыруға көп күш жұмсалды. Ақыры жұмысымыз жанданып, оқытушылар мен студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстары белсенді сипат алды.
– Осы ретте өзіңіз қаншалықты үлгі көрсете алдыңыз? Сауалдың астарын тарқата айтқанда, ғалым адамға ғылыми ізденістерді әкімшілік жұмыспен ұштастыру оңай емес қой. Әдетте, соңғысы алдыңғысына кедергі жасайтыны белгілі.
– Бұл рас. Тізгіннің екі жағын тең ұстау жеңіл деймісіз? Уақыт тапшы. Күш-жігер таусылады. Қажитын кездерің болады. Бірақ көздеген мақсатым әкімшілік жұмыс емес, ғылыми ізденістер болған соң аянбадым, ерте тұрып, кеш жаттым. Күш-жігерді ғылыми бағыттағы ізденістерге арнауды ұмытпадым. Нәтижесінде жүз елу ғылыми еңбек жазылды. Соның ішінде экономика мәселелеріне арналған он монография, отыз бес кітап, жиырма бес оқу құралы бар. Әсіресе, 1991 жылы жазылған “Экономикалық-математикалық әдіс” атты кітабымның Қазақ ССР Білім министрлігінің ұйғарымымен оқу орындарында қолданылатын оқулық болып студенттерге ұсынылғанына өте қуаныштымын.
1992 жылы осы еңбектерімнің нәтижесінде маған профессор атағы берілді. Ал 2003 жылы ауылдық жерлерді дамыту, агроөнеркәсіптік кешенді ұйымдастыру және оның экономикасын зерттеу барысында “Солтүстік Қазақстанда шаруашылық бейінді дамытудың экономикалық негіздері: теория мен практика” тақырыбында докторлық диссертация қорғадым.
– Қуаныш Қабиденұлы, әдетте, сіз сияқты үлкен ғалымдардың ізбасарлары болады ғой. Осылайша айтқанда, алдыңыздан білім алып, ғылыми ізденістерге ден қойған шәкірттеріңіз аз емес шығар?
– 2009 жылдан бері Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ мемлекеттік агротехникалық университетінде қызмет істеймін. Шәкірттерім баршылық. Төрт ізбасарым – экономика ғылымдарының докторы. Сондай-ақ, 26 ғылым кандидатын даярладым. Бірнеше магистрант бар.
– Ал өзіңіздің шаңырағыңызда ше?
– Екі ұлым жолымды жалғастыруда. Атап айтқанда, үлкен ұлым Нұрлан, кіші ұлым Данияр – екеуі де экономика ғылымдарының кандидаттары. Зайыбым Ғалия – зейнеткер, ұзақ жылдар бойы балабақшаның меңгерушісі болып қызмет істеді.
Отбасындағы шаттық-қуанышыма қоса, ғылым саласындағы оқу-әдістемелік, тәрбиелік жұмыстарым үшін мемлекеттік марапаттар иеленгенімді мақтан тұтамын. Өйткені, бұлар менің осы саладағы тындырған еңбегіме берілген баға емес пе?!
Сондай-ақ, 2012 жылы “Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы” мемлекеттік грантын иеленгеніме өте қуаныштымын. Есейіп, абыз атаның жасына жеткенде әрбір зиялы адам ойланып, тереңге бойлайтын шақ келеді екен. Осындай ойға мен де берілемін. Алдыма қойған мақсатымды саралаймын, атқарғандарымды бағамдаймын. Жүрген жолыма ризамын. “Жеттім!” деп, “Толдым!” деп асып-таспау керек. Ұлы Абайдың “Бір ғылымнан басқаның бәрі де кесел – асқанға!” дегенін ойымнан шығармаймын. Ғылым – өмірлік нұрым! Ол маған көлеңке түсірмейді, мен де оған жарық нұр беремін.
Әңгімелескен
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.