Ақан сері атындағы облыстық филармонияда өткен «Сиқырға толы сахна» атты кеш Қуыршақ театрының 35 жылдық мерейтойына арналды.
Мерекелік шара марапаттау рәсімімен басталды. Театрдың дамуына үлес қосқан ардагер актерлер мен қазіргі шығармашылық ұжым өкілдері сахна төріне шақырылып, ерекше қошеметке бөленді. Диана Сәдуақасова, Анна Пульникова, Людмила Копатилова облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Досбол Әбдірейісов театр ұжымын 35 жылдық мерейтойымен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.
«Театр ұжымы жыл сайын Қазақстанның түрлі қалаларында гастрольдік сапармен өнер көрсетіп қана қоймай, Болгария, Әзірбайжан, Беларусь, Ресей секілді шет елдерде де ұлттық өнердің абыройын асқақтатып жүр. Алматы, Астана, Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе және өзге де өңірлердің сахналарында мазмұнды қойылымдармен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Биыл театр халықаралық деңгейдегі оннан астам фестивальге арнайы шақырту алды», – деді Досбол Нұржанұлы.
Жиналған қауым театрдың құрылу тарихы, шығармашылық жолы, жетістіктері мен биік белестері туралы әзірленген бейнешолуды тамашалады.
Жансая ДЕРБИСОВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.