«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАРДЫҢ ҚЫРАНЫ НЕМЕСЕ ОСЫ ЖҰРТ БІЛӘЛ МАЛДЫБАЙҰЛЫН БІЛЕ МЕ ЕКЕН?

 

Әр қазақ баласының түп-тамырына үңілсеңіз, кешегі құйқалы қан заманның тақсіретін тартпаған, бүтін тағдыр, бүлінбеген ғұмыр жоқ шығар! Кімнің төрт құбыласы түгел дерсің? Қолымызға қалам ұстап жүрген соң бабамыздың қасіретті тарихын жазуды ғұмырлық мақсат, мақсат қана емес міндетке айналдырдық. Қаламға серт беріп, осы іске шынайы кірістік. Алаштың бір атойлы тұлғасы туралы дерек тапсақ, балаша мәз болып, қуанып қаламыз. Осыдан көп күн өтпес бұрын жұмыс кабинетіме егде жастағы әйел адам кіріп келді. Есімі – Меруерт Мұратбекқызы, ұзақ жылдар бойы тарих пәнінен сабақ берген ардагер ұстаз екен. Амандасып, жөн сұрасқан соң, өзін таныстырды. Бұл кісі – Алаш заманында есімі мәшһүр болған белгілі ағартушы, дәрігер, аудармашы, әдебиетші Біләл Малдыбайұлының ұрпағы. 

Уақыт алға озған сайын есімі көмескіленген, туған жұрты ұмытқан тұлғалардың саны аз емес қой. Қызыл қырғынмен билікті заңсыз басып алған бүлікшіл большевиктердің коммунистік идеологиясы жерімізге де, ұлтымызға да, ұлттық құндылықтарымызға да орасан зор қатер туғызып кетті. Қызыл қоғам келмеске кетсе де, санасы социализмнің сандырағымен уланған бейшара, рухани мүгедектер комсомолдың 100 жылдығы деп ұрандап, қанға боялған шылғауларын сүйіп жүр!.. Не деген жиіркенішті еді. Тәуелсіз қазақ елінде, осы мемлекеттің платформасы, саяси тұғыры ретінде саналатын Алаш ұлттық-территориялық автономиясы мен Алаш партиясының 100 жылдығы ескерусіз, елеусіз үнсіз қалған-ды.

Ардақты тұлғаларымызды қараңғы түнектен шығарып, есімін жаңғыртып, әдеби-ғылыми мұраларын насихаттау керек! Расымен керек, бірақ та сол боздақтарды түгендеуге бір адамның ғұмыры жете ме? Сондай елеусіз, ескерусіз қалған, насихаты жоқ, іздеушісі болмаған тұлға осы Меруерт апаның атасы еді.
Біләл Малдыбайұлы – 1890 жылы Айыртау аймағына қарасты Аманжол (қазіргі Қаратал) елді мекенінде дүниеге келген. Дүниені дүрліктірген революцияға дейін бұл аймақты Тоқсанбай болыс басқарыпты. Патша заманында болыстар жас өскін қазақтарды орыс мектептеріне оқуға беретін-ді. Тоқсанбай болыстың әупірімімен Темірбектің Құсайыны Омбыдағы фельдшерлік-акушерлік оқуға қабылданады. Құсайын – Көкшетау өңірінен алғаш болып дәрігерлік оқуды бітір-ген азамат. Осы Құсайын оқуын бітіріп келген соң Көкше өңірінің халқына адал қызмет еткен. Мектеп ашады, жас балаларға қаріп танытады. Құсайындай ұстаздың алдын көріп, оның шарапатымен Атбасар мектебін, содан соң Омбы мал дәрігерлік және акушерлік техникумын тамамдаған Біләл еді. Қайраткер өмірінің соңғы жылдарында жазған өмірбаянында (репрессияға ұшырамай тұрып): “…менің әкем кедей шаруа, жастайынан бір үзім нан үшін байларға жалшы болып жалданған. 1901 жылы әкем мені ауыл молдасы Мұқағали Сәдуақасовқа оқуға береді. Кейін Имантау ауылында тұратын ұлты татар Құсайын Темірбековтың басшылығымен ауыл мектебі ашылып, балаларды орысша оқыту басталды. 1908 жылы соны үздік тамамдап, Құсайынның көмегімен Атбасарда, сосын Омбыда мал дәрігерлік-акушерлік мектебінде оқыдым. 1912 жылы оны үздік стипендиямен бітіріп, қызмет жолымды бастадым”, – дейді.
Біләл – қазақ-совет оқу-ағарту саласының көрнекті өкілі. Азамат соғысы жылдарында ағартушылық қызметке біржола ден қойып, Көкшетау уезіндегі жер басқармасының халық ағарту жөніндегі бөлімшесіне меңгеруші болады. Кеңес үкіметі орнаған соң Қазақстан өлкелік партия комитетінің жауаптысы Ә.Досовтың шақыруымен Халық ағарту бөліміне инспектор болып тағайындалады. Осы мекеменің саяси бөлімін, қырғыз-татар мектептері жөніндегі бөлімшелерін басқарады. 1925-1927 жылдар өзінің туған ауылы – Қараталға аймақтық жетіжылдық мектеп салдырып, директор міндетін атқарған. 1928 жылы Қазақстан Халық ағарту бөлімінің шақыруымен, сол кездегі астанамыз – Қызылорда қаласына қоныс аударады. Осы қызметінде жүріп, бірнеше кітап шығарады. 1929 жылы Қызылжар қаласында жаңа әліпбимен (латын) тілашарлық әліппе кітабы басылған. Республикамыздың жоғары мектептер жөніндегі бөлімін басқарған кезінде қазақтың ескі әдеби мұралары мен халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинастырғаны бар. Егер алдағы уақытта өңірлеріміздегі архивтерді мұқият қараса, ағартушы жинастырған әдебиет үлгілерінің қолжазбасы болуы әбден мүмкін.
Ағартушы Біләл туралы еліміз Тәуелсіздігін алған жылдары бірқатар материалдар жазылды. Мәселен, зейнеткер мұғалім Айтмағамбет Дауылбайұлының “Репрессия құрбаны”, “Жақсының аты өлмейді”, журналист Маман Ементаевтың “Көкшетау арыстары. Ақсақалмен әңгіме”, ақын, өлкетанушы Ерсін Ерғалиевтің “Туған жер – тұғырым” еңбегін атауға болады. Десе де, бұл материалдардың барлығы облыстық, аймақтық басылымға жарияланған соң ба, әдеби-ғылыми орта өкілдері Біләлдай қайраткер туралы ештеңе жазбапты.
Дәрігер, педагог, қайраткер Біләл Малдыбайұлы доктор С.Е.Незлиннің “Құрт ауруы”, (Мәскеу, 1927 жыл), доктор Гориевтің “Денсаулық негізі – тазалық” (Мәскеу,1926 жыл), доктор Шанстың “Безгек” (Мәскеу,1927 жыл), доктор Б.Проннердің “Жегі аурулар” (Мәскеу, 1927 жыл) кітаптарын аударып, оқырман назарына ұсынған.
Қазақ руханиятының тарихында 1922-1928 жылдар айрықша мәдениет кезеңі болатын. Дәл осы жылдары Мәскеудегі Орталық атқару комитеті жанындағы Күншығыс халықтары баспасын Нәзір Төреқұлов басқарған. Білімі мен білігі мол, асқан эрудит Нәзір баспаның көркемдік-ғылыми кеңесіне Мәскеудегі Әли-хан Бөкейхан мен Мағжан Жұмабайды қосып, бірлесе жұмыс істеді. Осы баспадан тіл, әдебиет, тарих, медицина, жаратылыс ғылым салалары, көркем әдебиет пен аударма кітаптары үздіксіз шығып тұрды. Баспаның тұрақты авторлары Шәкәрім, Тұрағұл Абайұлы, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабай, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мұхтар Әуезұлы, Қошке Кемеңгерұлы сынды тағы басқа оқығандар еді. Осындай оқымысты тұрақты авторлар қатарында аймаңдай Біләл да болды. Анығында, Біләл аударған бұл кітаптардың бәрі сол кездегі қазақ баласы үшін аса қажетті еңбектер еді. Медицинасы дамымаған, дәрі-дәрмегі жоқ, оқыған дәрігері мүлде аз ел үшін мұндай пайдалы мәліметі бар кітаптар көптің тілеуіне орай қайта-қайта мыңдаған таралыммен басылған-ды. Біләл медицина саласына машықтанғандықтан, орыс ғалымдарының кітаптарын ана тілімізге қарапайым, жеңіл әрі ұғыныңқы мысалдармен мөлдіретіп тұрып аударған екен. Әр кітабын оқып, сосын төте жазу қарпінен қазіргі әліпбиге аударып жазғанымда таңырқанып, сүйсініп отырдым. Не деген интеллект, ұлттық рухы басым азамат екен деп кейіпкер-тұлғама қуандым.
2018 жылдың 1 тамызы күні Орталық Ғылыми кітапхананың маманы Әйгерім Мұратқызы ұялы телефоныма хабарласып: “Сіздің өтінішіңіз бойынша іздеген деректеріңізді таптық”, – деп қуанышты хабар жеткізді. Сөйтіп, қолыма қайраткер Біләлдің бес аударма кітабы және бір өзінің төлтума дүниесі қолыма түсті. Біләл оқу-ағарту саласының басқармасында қызметте жүргенде “Қазақстандағы жоғары, орта дәрежелі мектептер” деп аталған кітап жазыпты. Бұл кітап кеңес өкіметінің орнаған тұсындағы білім беру мәселелеріне арналған. “Еңбекші қазақтың” үшінші кітабы – Біләл Малдыбайұлының “Қазақстандағы жоғары, орта дә-режелі мектептер” кітабы. Бұл кісі сол тұстағы оқу комиссиаратының мектептер бөлімінің меңгерушісі екен. Осы кітапты оқи отырып, егер кімде-кім сол тұстағы Қазақстанның жоғары оқу орындары тақырыбын зерттесе, нағыз құнды деректер екен деген ойға келдік. Елімізде Ташкент, Бурабай орман-тоғай, Қарақалпақ, Жетісу т.б. шаруашылық техникумдары, Орта дәрежелі әскерлік мектеп, Салт атты әскерге басшылар даярлайтын, Бөкей, Сырдария, Қарақалпақ педагогикалық (барлығы 14 педтехникум) оқу орындары болған. Адам дәрігерін даярлау, мал дәрігерлік, Семей сауда-шаруашылық, мұғалімдер білімін жетілдіру, партия мектебі – бүгінгі бас білім шаңырақтарымыздың ізі, бастауы сол кезде-ақ қаланған. “Оқушыларға” алғысөзінде редакция басқармасы: “Алысты жақындататын, ауырды жеңілдететін, қасиеті зор, биік нәрсе – оқу. Биікке шығуға саты керек. Оқудың сатысы – мектеп. Сатының алға неше аттап баратын басқыштары болады. Сол секілді мектептің де басқыштары бар” дей келіп, әліппе ашудан бастап, диплом алуға дейінгі мектеп сатыларын баяндайтын кітапты өз кітапханасына енгізу мақсатын түсіндіреді” (Т. Боранғалиұлы, “Елдің рухани қажетін өтеу “Еңбекші қазақ” кітапханасынан “Етжеңді “Егеменге” дейін”, 11 қараша, 2009 жыл).
Біләлдің тағы бір зор еңбегі – көркем әдеби шығармаларды аударуы. Гомердің “Иллиада”, “Одиссея” шығармаларын ана тілімізде сөйлетті. Ал 1935 жылы Мәскеудегі көркем әдебиет баспасынан Сәбит Мұқановтың “Адасқандар” романы “Сын бая” деген атпен жарық көрген. Сол Сәбеңнің кітабын орыс тіліне аударған Біләл мен Олег Фрелих болатын. “Сын бая” романы аудармасының қолжазбасы Мәскеудегі Орталық мемлекеттік әдебиет және өнер архивінің қорында сақтаулы тұр. 2018 жылдың қарашасында Мәскеуге барып, осы аталған архив қорымен жұмыс істегенімде көргенім бар. Өкінішке қарай, аудармашының “Иллиада”, “Одиссея” шығармаларын таба алмадық. Бәлкім, Ресейдің не Петербор, не Орынбордағы архивтерінде, я болмаса кітапханаларының сирек қолжазбалар мен кітаптар қоры бөлімінде сақталуы әбден мүмкін. Бұл енді болашақта атқаратын ісіміз болмақ.
Біләл Малдыбайұлының қазақ журналистикасы саласының өркендеуіне қосқан үлесі де бар. 1918 жылдың 30 шілдесінде Қызылжар қаласында (Петропавл) “Бірлік” ұйымының қолдауымен, “Алаш” серіктігінің қаржысымен “Жас Азамат” газеті жарық көрген. Бұл – Қызылжар қаласында жарияланып тұрған алашшыл қазақ жастарының тұңғыш газеті. Газеттің 22 саны шыққан екен. Ең соңғы №22 саны 1918 жылдың 8 ақпанында жарық көрген. Газеттің редакциясында М. Мырзаұлы, С. Сәдуақасұлы, М. Сейітұлы, Ә. Байділдаұлы, Г. Досымбекқызы, Қ. Кемеңгерұлы қызмет еткен. Газеттің №12-16 сандарына редактор болып, қол қойған осы – Біләл. Қайраткердің өмір жолына ден қойып кіріскен соң оның “Айқап”, “Сарыарқа” басылымдарына шыққан публицистикалық мақалалары мен өлеңдерін жинап отырмыз.
Біләл – Алаш қайраткері, қозғалыстың өкілі. Қызылжардағы “Талап” қазақ ұлттық комитетінің мүшесі, кейіннен төрағасы ретінде өңірдің қоғамдық-саяси, мәдени өміріне көп қызмет еткен. Ол Әлихан Бөкейханов, Жұмағали Тілеулин, Мағжан Жұмабаев, Қошке Кемеңгерұлы, Сейітбаттал Мұстафаұлы, Смағұл Сәдуақасұлы сынды қазақ зиялыларымен қоян-қолтық араласып тұрған.
Ағартушы, журналист 1937 жылдың қанды құрсауынан құтыла алмады. Советтік қызылкөздер оны атып тынды. Қайраткер “Халық жауы” деп репрессияға ұшырағанда оның жары Қалима Сұлтанбек, Шәулетбек, Сейітбек, Қорғанбек есімді балаларын алып, Шымкентке көшіп кеткен екен. Ал бізге келіп, сырласқан Меруерт апа – Біләлдің туған ағасы Нұғыманның Мұрат деген ұлынан тараған немере қарындасы. Арыс азамат 1958 жылдың 27 желтоқсанында ақталды.
Иек астында тұрған 2020 жылы Біләл Малдыбайұлының туғанына 130 жыл толады. Осы күнге дейін беймәлім тұлға сапында келген азаматтың есімін халыққа таныстыру үшін оның шығармалар жинағын құрастырып, жарияласақ деген оң ниетіміз бар. Жинаққа ақынның әдеби мұраларын, аудармаларын, публицистикалық мақалаларын қосып отырмыз. Бірақ осы Біләл Малдыбайұлының туған жерінде оның атына берілген не көше, не мектеп жоқ екен. Заманында “Қызылжардың қыраны” атанған Біләлді мерейтойы қарсаңында ұлықтап, есімін көп болып жаңғыртсақ деген ниетпен теріскейдегі бүгінгі күннің зиялыларына ұсыныс айтып отырмыз. Тарих – ортақ, тұлға – ортақ болған соң бас қосып, шынтақ түйістіріп қызмет етсек, айтулы тұлғаны тұғырына шығаратынымыз сөзсіз.

Елдос ТОҚТАРБАЙ,
жазушы, әдебиет зерттеушісі.

 


 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp