«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛСЕЛЕУЛІ  ҚЫРЛАР…

… Есейгенде ескі күндер ойға оралады. Өмірдің заңдылығы бұл. Ұмытылмас есімдер, тағылымды тұлғалар туралы толғамдар бойды қайта баурайтын сәттер аз емес. “Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?!” деп Абай айтқан нақылды “Өмірден кім өткенін білесіз бе?” дейміз бүгін. Мазмұндас, сабақтас лебіздер. Мен енді “Осы жұрт Ғалауетденді біле ме екен?!” дер едім. Оның өмірі бұл лебізге лайық.

 1. Сөз басы

1917 жылғы қазан төңкерісі Қазақ даласын да өртімен шарпыды. “Қуан, қазақ, бостандығың енді келді!” деп разылық танытқан Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов азамат соғысының, ұжымдастырудың, тәркілеудің, қуғын-сүргіннің сойқанды сұмдықтарын көзімен көріп, азабын Алаштың арыстарымен бірге өзі де тартқанда кеңес өкіметінен үмітін үзді. Қазаққа қуану қайда, қайыс ноқтаның емес, темір ноқтаның теперішіне тап болды.

Біз әңгімемізге арқау еткелі отырған Ғалауетден Мәмеков – осы зобалаң заманға тап болғандардың бірі. Бұл орайда бала кезімде естіп, есімде өшпестей жатталып қалған:

Арбадан түсіп, су іштім,

Неге түсіп, неге іштім?!

Осы сордың заманында

Неге туып, неге өстім?! – деген өлеңді бір қаймана қазақтың шығарғаны шындық екен.

Осы айтқандай, Ғалауетден сордың заманында туып, соның құрбаны болған адам. Оның небары қырық жеті жыл ғұмыр кешіп, 1938 жылы НКВД жендеттерінің пәрменімен атылғанын біреу білсе, біреу білмейді. Әсіресе, бүгінгі жиырма бірінші ғасырдың төрінде осы төңіректегілерге оның есімі де, атқарған ісі де беймәлім.

…1967 жылдың жазы еді. Мен бозбаламын. Шешемнің немере сіңлісі Тақи апай Қызылжардағы үйімізге өзімен бірге сұңғақ бойлы, ажарлы, киім киісі де, көркі де келісті бір әжейді ертіп келді. Шешем құрақ ұшып қарсы алып, шүйіркелесе кетті. Бала болсам да, әңгімелеріне құлақ түремін. Айтатындары – Әбдірахман (Айсарин. З.Ә.), Көкаралға жер аударылған нағашыларым Әшім, Жантас және басқалар һәм Ғалауетден Мәмеков жайлы.

Соңғысын айтқанда Тақи апайға еріп келген кейуана жанарына жас үйіріп, әдемі қол орамалымен көзін сүртіп отырды…

– Жаңағы әйел Ғалауетденнің жесірі, атақты Торсанның немересі Күләмай, – деді шешем әпкем Ғайнижамал екеумізге. – Тақидың құдағиы. Сендер Ғалауетденді білмейсіңдер ғой. Жарықтық, жігіттің сұлтаны еді! Әттең, өкімет адалды айырмастан атып тастады ғой!

 Толығырақ газетіміздің №5 (17.01.2019 ж) санынан оқи аласыздар. 

Суретте: Ғалауетден-Күләмай Мәмековтар

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp