Үкімет ауылдық жерлердегі еңбек өнімділігін арттыруға айрықша назар аударып отыр. Ол үшін әйелдер арасында кәсіпкерлікті кеңейтіп, осы бағыттағы жұмысты барынша қолдауға күш салынбақ. Облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің қорытынды отырысында айтылған ұсыныс-пікірлер, осындай оймен үндесті.
Іскер әйелдер кеңесінің кезекті отырысының күн тәртібінде әйелдер бизнесіндегі өзекті мәселелер мен даму әлеуеті сөз болды. Қаралған мәселелер арасында өңір экономикасындағы әйелдердің орны, нәзік жанды кәсіпкерлерді қолдауға арналған бағдарламалар, бизнесті дамытудағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер бар. Атқарылған жұмыс жайында кеңес төрайымы Ләйла Сайдашева баяндады.
Бүгінгі таңда облысымызда шағын және орта бизнесте 40 мыңнан астам субъект тіркелген. Олардың 40 пайызы немесе 17,6 мыңы – әйелдерге тиесілі. Көрсеткіштер жыл санап артқанымен, нәзік жанды кәсіпкерлердің басым көпшілігі мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларға жүгінбейтін көрінеді. Осылайша, өңірдегі әйел кәсіпкерлердің тек 10 пайызға жуығы ғана мемлекеттік бағдарламаларды ұтымды пайдалана білген.
– Кеңестің негізгі міндеттерінің бірі – әйелдер бастамаларын қолдау, бағыт-бағдар беру және жан-жақты көмек көрсету. Жер-жерлерде жеке бизнес-жобаларды дайындауға және жүзеге асыруға көмек көрсетіліп, шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдауға байланысты іс-шаралар ұйымдастырылды. Арнайы өткізілген “дөңгелек үстел”, семинарлардан кейін кәсіпкер әйелдер “Бизнестің жол картасы – 2020”, “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020”, “Агро-бизнес – 2020” және тағы басқа бағдарламалар арқылы берілетін қаржылай қолдауға көптеп жүгінетін болды, – деп атап өтті Ләйла Сайдашева. – Бұдан бөлек, 170 кәсіпкер мен қаржылық институт өкілдерінің кездесулері ұйымдастырылды. Әйел кәсіпкерлер шығаратын өнімдерді сатуға қолдау көрсету мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды. Сондай-ақ, бизнес субъектілерінің іскерлік сапарлары мен сауда-экономикалық миссиялары ұйымдастырылды, – деді ол.
Кеңес қызметінің басым бағыттарының бірі – қаржылай емес қолдау көрсету. Мәселен, 500-ден астам нәзік жан “Бизнес-кеңесші”, “Бизнес-өсу” және “Жобалық оқыту” жобалары аясында “Құс өсіру”, “Мал өсіру”, “Аквамәдениет”, “Астық, май және жемшөп дақылдары” және “Қоғамдық тамақтандыру” тақырыптарында оқу курстарын тамамдаған. Аталған көрсеткіш оқыту бағдарламаларына қатысқандардың 41 пайызын құраған. “Біз тек осы көрсеткіштермен шектелмейміз. Әйелдер бизнесін дамытудың жағымды жақтары баршылық. Десе де, статистика жұмыссыздардың 50 пайызға жуығы әйелдер екенін айғақтайды. 15-28 жас аралығындағы жұмыссыз жас әйелдер саны ер адамдармен салыстырғанда екі есе көп екені анықталды. Сол себепті, біздің жұмыссыз әйелдерді кәсіпкерлікке баулу мәселесіне барынша назар аударғанымыз абзал”, – деді Ләйла Сайдашева.
Отырыс барысында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өңірдің кәсіпкерлік саласын дамытуға қосқан үлестері үшін іскер әйелдер кеңесінің мүшелері “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Алғыс хатымен марапатталды.
Динара БЕКТҰРОВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.