Солтүстікқазақстандық полицейлер қылмыстық істерді электронды форматта жүгізуде. Электронды іс жүргізу барысында бұлтартпау шарасын сот арқылы онлайн режімде санкциялау мүмкіндігі бар. Ол үшін арнайы бейнебайланыс пайдаланылады. Облыс аумағындағы 12 уақытша ұстау изоляторының барлығы қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Бүгінгі күні Петропавл қалалық соты санкция шығарудың виртуалды мүмкіндігін 51 рет, аудандық соттар 7 рет пайдаланған.
Мәселен, Мамлютка қаласының 32 жасар мас тұрғыны өз көлігімен жеке меншік үйлердің бірінің қоршауын соққан. Ол бұған дейін де мас күйде көлік тізгіндегені үшін жүргізуші куәлігінен айырылған екен. Анықтаушылар осы істі электронды форматта тергеді. Қажетті құжаттар толтырыла салысымен бірден оны қамауға алуға санкция берілді. Істің әр қадамы өте жылдам орындалды, әрі қадағалау органдары әрдайым өзара байланыста болды. Қазіргі уақытта цифрлық іс сотқа тапсырылды. Күдікті 6 жылға бас бостандығынан және өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айырылуы мүмкін.
“Электронды қылмыстық іс” процесті жеделдетеді әрі жеңілдете түседі, тергеу сапасын арттырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді. Облыстық аппаратта істерді цифрлық жолмен жүргізу үшін 76 жұмыс орны жабдықталды. Онда анықтаушылар мен тергеушілер, сондай-ақ, криминалистер мен әкімшілік және жергілікті полиция қызметтерінің мамандары да жұмыс істейді. Жас қызметкерлер жаңа үрдіске үйретіледі. Жыл басынан бері “Е-қылмыстық іспен” жұмыс істеу дағдысын 46 адам игерді”, – дейді облыстық полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы, полиция полковнигі Қайрат Қасымбеков.