«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЛМЫС ДЕҢГЕЙІ ТӨМЕНДЕДІ

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өткен кезекті баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің облыстық басқармасы 2016 жылы атқарған жұмыстарын қорытындылады.

Басқарма қызметкерлері өткен жылы 267 тексеріс, 2054 салыстыру, 557 мониторинг жүргізіп, нәтижесінде 2903 бұзушылықты анықтаған.

– Біз статистикалық деректердің толық әрі анық болуы үшін “Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы” интернет-порталының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз еттік. Ішкі істер органдарымен бірлесе жұмыс істеуіміздің нәтижесінде аталған карта 80 пайызға толықты. Жүргізілген тексерістердің қорытындысы өңірде қылмыстық құқық бұзушылықтар санының кемігендігін байқатты. Мәселен, былтыр өңірдің құқық қорғау органдарында жалпы саны 9292 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 12,6 пайызға кем, – деді Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті облыстық басқармасының басшысы Марат Ахметов.

Өңірдегі қылмыс деңгейі 10 мың тұрғынға шаққанда 163 құқық бұзушылықтан келген. Осы уақыт ішінде 956 жеңіл, 6375 орта, 511 ауыр және 63 аса ауыр құқық бұзушылық тіркелді. Қоғамдық орындарда жасалған қылмыстардың саны 19,4 пайызға кеміген. Мәселен, 2015 жылы 1523 қылмыс анықталса, өткен жылғы көрсеткіш 1228-ге дейін азайған. Кісі өлтіру 6,1 (33-тен 31-ге), зорлау 44,6 пайызға (65-тен 36-ға) кеміді. Барлық тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтардың 70 пайызын жекеменшікке қол сұғу фактісі құрады. Ұрылар азық-түліктен бастап, тұрмыстық техникаға дейін қолды қылған. Әсіресе, ұялы телефон (1229) мен ақшаға (1493) жиі көз алартады екен.

Қылмыстың басым бөлігін 22 мен 29 жас аралығындағы ер адамдар жасаған. Бұлардың қатарында жұмыссыздар (4696), орта білімділер (3375), ішімдік пен есірткіге әуестері де (1234) бар.

Өтініштерді қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында аталған органда арыз-өтініштер интернет арқылы да қабылданады. Өткен жылы ғаламтор арқылы 8 арыз-өтініш келіп түскен.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp