Өткен аптада еліміздің 5 облысында 53,9 мың үй құсы қырылған. Оның 12,9 мыңы 47 елді мекендегі тұрғындардікі болса, 41 мыңы “Бескөл” құс фабрикасына тиесілі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласында өткен брифингте айтылды. Онлайн шараға Солтүстік Қазақстан облысынан журналистер қатысып, сұрақтарын қойды.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаеваның айтуынша, аталмыш оқиғаға байланысты арнайы жедел штабтар құрылып, Ресейден құс әкелуге тыйым салынған.
– Өткен аптада Солтүстік Қазақстан облысындағы кейбір ауылдарда құстардың қырылу фактісі тіркелді. Зертханалық сараптаманың қорытындысына сәйкес бұған құс тұмауы себеп болған. Кесел үй құстарына жылы жаққа ұшып бара жатқан дала қаздарынан жұққан деген болжам бар. Осыған байланысты 7 аудандағы 10 елді мекенде карантин шаралары енгізіліп, облыс әкімдігіне тиісті құжаттар жіберілді, – деді Гүлмира Сұлтанбайқызы.
17 қыркүйектен бастап Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Тимирязев, Жамбыл, Қызылжар, Тайынша, Шал ақын, Мағжан Жұмабаев және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардан, сондай-ақ, Айыртау ауданының бір ауылдық округінен құс және құс өнімдерін шығаруға уақытша тыйым салды. Құс тұмауы таралуының алдын алу мақсатында республикалық қордан 1,4 млн. дана вакцина бөлінді. Ол ауру ошақтарында және Ресеймен шекаралас елді мекендердегі 4,7 млн. құсқа егуге жеткілікті. Алдағы күні тағы 1 млн. дана вакцина жеткізіліп, қосымша 3,5 млн. құсқа вакцинация жасалмақ.
Қазіргі уақытта республикалық эпизоотикаға қарсы жасақтың 79 маманы карантин аймағында ауру ошағын оқшаулау шараларын жүргізуде. Сондай-ақ, қырылған құстар бойынша өтемақы төлеу де дәл осы жасаққа жүктелген. Мамандар жойылған құстардың саны, жасы, түрі көрсетілген хаттамалар толтыруда. Кейін бұл құжаттар оның құнын бюджет есебінен өндіруге негіз болады. Бұл мақсатта 390 млн. теңге қарастырылған.
Брифингте сөз алған Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев Қазақстанда таралған құс тұмауы (“Н5N8”) Ресей Федерациясындағы вируспен бірдей екенін атап айтты. Аталған вирустың адамға жұғуы сирек кездеседі. Оның өзі індетті жұқтырған тірі немесе өлі құспен қауіпсіздік шараларын сақтамай, тікелей байланысқа түскенде ғана жұғады. Қазір адамдар арасында құс тұмауын жұқтыру фактісі тіркелген жоқ. Санитарлық-эпидемиялық бақылау қызметі індет ошағы ретінде тіркелген құс фабрикасында жұмыс істеген 400 адамды анықтады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметовтің дерегінше, Қазақстанда жылына 5,4 млрд. жұмыртқа және 223 мың тонна құс еті өндіріледі. Ол Солтүстік Қазақстан облысының құс фабрикаларында тіркелген жағдай ішкі нарықтағы өнім бағасына әсер етпейді деп сендірді. Қазақстанда жұмыртқа өндіретін 35 құс фабрикасы бар. Оның бесеуі біздің өңірде орналасқан. Вакцинаны уақтылы жүргізудің нәтижесінде “Якорьская”, “Адель Құс”, “Тайынша” фабрикаларында құс қырылған жоқ. Қалыпты режімде жұмыс істеп тұрған бұл фабрикалар өңірді қажетті өніммен жеткілікті көлемде қамти алады.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.