Ресейдің Новокузнецк қаласында грек-рим күресінен КСРО-ның құрметті жаттықтырушысы В. Г. Олейникті еске алуға арналған бүкілресейлік турнир өтті. Оған солтүстікқазақстандық 6 спортшы қатысып, 3-еуі өз салмақ дәрежелерінде сәтті өнер көрсетті.
Атап айтқанда, 66 килограмм салмақ дәрежесінде Данияр Қаленов жеңімпаз атанды. Жанарбек Қабдолов 98 килограмм салмақта күміс медальға қол жеткізсе, Бауыржан Мусин 80 килограмға дейінгі спортшылар арасында үшінші болды.
* * *
Қостанай қаласында конькимен сырғанаудан ел біріншілігі аяқталды.
Аталмыш додада Вячеслав Зарецкий 500 және 1000 метрлік қашықтықтарда екі мәрте сайысқа түсіп, нәтижесінде төрт алтын медальдың иегері атанды. Ал Дарья Рыжова 1000 метрде жеңіске жетті.
* * *
Павлодарда шаңғы жарысынан ел біріншілігі өтті.
Солтүстікқазақстандық шаңғышы Анастасия Хмельницкая 3 мың метр қашықтықтағы қоссайыста қола медальға ие болды.
* * *
Солтүстікқазақстандық жеңілатлетшілер Өскемен қаласында 1999-2000 жылдары туған жасөспірімдер мен жастар арасында өткен ел біріншілігінен жүлделі оралды. Жерлестеріміз “Шыдамдылық” аталымында сынға түскен болатын.
Жарыс қорытындысында Виктория Рыжикова 1500 метрлік қашықтыққа жүгіруде жеңімпаз атанса, 800 метрлікте күміс жүлде иеленді, сондай-ақ, Әділ Қанафин (2000 метр, кедергімен жүгіру), Лада Фомина (2000 метр) жеңістің бірінші сатысына көтерілді. 3000 метрлік сайыста Динара Мыжиканова күміс медальға ие болса, Лада Фомина үшінші орын алды. Екатерина Шарапаева ұзындыққа үш қарғып секіруде алтыннан алқа тағынды. Ангелина Музыка 60 және 200 метрлікте екінші орынды еншіледі. Ал Фархад Қыстаубаев пен Никита Воробьев көпсайыста және ядро лақтыруда үздік үштікті түйіндеді.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.