«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫСҚАША

Солтүстікқазақстандық “Құлагер” хоккей командасы сырт алаңда өскемендік “ШҚО” құрамасымен кездесті, деп хабарлады облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Анна Пенькова.

Кездесудің бірінші күні жерлестеріміз 2:0 есебімен жеңіске жетсе, екінші күні 3:2 есебімен басым түсті. Сөйтіп, 89 ұпайы бар “Құлагер” командасы турнир кестесінде 4-орынға жайғасты.

* * *

Жуырда волейболдан ерлер арасындағы “А” жоғары лига ойындарының кезекті туры өтті. Солтүстікқазақстандық “Есіл СК” құрама командасы кезекті екі кездесуін жеңіспен аяқтады.

Орал қаласының “Жайық” құрама командасымен өткен кездесуде жерлестеріміз 3:2 есебімен басым түссе, қызылордалық “Қорқыт-Ата-КМУ” құрамасымен болған ойын да біздің жерлестеріміздің жеңісімен аяқталды. Есеп – 3:0.

* * *

Ресейдің Мәскеу қаласында грек-рим күресінен халықаралық турнир өз мәресіне жетті. Аталмыш сайысқа екі солтүстікқазақстандық балуан қатысты.

Жарыс қорытындысы бойынша Эли Магамадов бесінші орынға тұрақтады.

* * *

Солтүстікқазақстандық керлингшілер командасы Алматы қаласында өткен ел біріншілігінде топ жарды. Бәсекелі додаға еліміздің барлық өңірінен 150 спортшы қатысып, бақ пен бабын сынады.

Жарыс барысында 6 командамен сайысқан жерлестеріміз жалпыкомандалық бірінші орынды иемденді. Екінші және үшінші орындар – Алматы мен Ақмола облыстарының еншісінде.

* * *

Облыс орталығындағы олимпиадалық резервтегі “Дельфин” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде суда жүзуден “Көңілді дельфин” республикалық сайысы мәресіне жетті. Оған Қазақстан мен Ресейдің 250-ден астам жүзгіші қатысты.

Үшкүндік бәсекенің қорытындысы бойынша жергілікті құрама команда жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жеңіп алды. Қарағанды облысы екінші орынға жайғасса, ақмолалықтар үшінші болды. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, медальдармен және грамоталармен марапатталды.

* * *

Петропавлдағы “Барыс” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 1999-2000 жылдары туған жасөспірімдер арасында баскетболдан облыс біріншілігі өтті. Оған 10 құрама команда, 90-нан астам спортшы қатысты.

Сайыста ерлер арасында “Барыс” спорт мектебінің тәрбиеленушілері жеңіске жетті. “Жеңіс” олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі екінші орын алды. Шалақындықтар үздік үштікті түйіндеді. Қыздар арасында да “Барыс” құрамасы қарсыластарынан басым түсті. Тайыншалықтар мен мамлюттіктер екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті.

(Өз тілшіміз).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp